Бірақ көпшілік біле бермейтін әңгімені айтып беріпті.
Бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы Болат Жұмаділовке Афина олимпиадасының чемпионы, бүгінде Қызылорда облыстық спорт басқармасының басшысы қызметін атқаратын Бақтияр Артаев құрмет көрсетті.
Бұл кездесудің видеосын әнші Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желіде жариялады. Ал кадрдан ұлттық құрама сапында түрлі кезеңдерде Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында үздік шыққан спортшыларды көруге болады.
Өнер иесінің жазбасына қарағанда, Жұмаділов ашылып сөйлемеген. Бірақ көпшілік біле бермейтін әңгімені айтып беріпті.
«Жұдырығы болаттай Болат ағамның 1992 жылы алғаш олимпиадаға барғанын өз аузынан естігенде, мен ғана емес, сапарластардың бәрі таң қалды. Ел көп нәрсені білмейді екен. Аты аңызға айналған ағамыздың денсаулығы сыр берді ме, әлде басқа жағдай болды ма, сырласуға ыңғай келтірмей, өзін жұмбақ күйде ұстады.
Аңыз ағаның өмірі - біз үшін де, өскелең ұрпақ үшін өнегеге толы. Сөзден іске көшіп, қыруар тірлік бітіріп жатыр екен», - деп жазды Әбдірайымов.
Видеодан байқағанымыздай, Артаев еліміздің белді саңлақтарын Спорт күні қарсаңында арнайы Қызылордаға қонаққа шақырып, ізгі тілегін жеткізген.
«Ол кезде 14-15 жастағы баламыз. Арманы биік, бірақ әлі ештеңеге жетпеген жасөспірімбіз. Сонда Болат ағамен танысып, сұхбаттастық. Ол кісінің «барлығына өз күштеріңмен жетулерің керек» деп айтқаны әлі есімде. Болат ағамыз 1996 жылы Олимпиада чемпионы атануы керек еді, оны бәрі айтады. Мен үшін Болат ағамыз Олимпиаданың екі дүркін чемпионы», - деді Артаев.
Өз кезегінде Жұмаділов те көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.