Төрешілер бірауыздан 5:0 есебін тіркеді
Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing ұйымы аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Ертуған Зейнуллинов (65 келі) алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізіп, 1/8 финалға жолдама алды.
Отандасымыз рингке франциялық қарсыласы Уго Гроға қарсы шықты. Кездесу барысында Зейнуллинов қарсыласынан басым түсіп, көбірек соққы жұмсады. Жекпе-жек соңында төрешілер бірауыздан 5:0 есебін тіркеді. Осылайша қазақстандық спортшы келесі кезеңге өтті, ал француз боксшысы турнирден шығып қалды.
Айта кетейік, 7 қыркүйекте Қазақстан құрамасынан Махмұд Сабырхан (55 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Карина Ибрагимова (57 келі) және Наталья Богданова (70 келі) да жеңіске жеткен болатын.
Биыл тұңғыш рет World Boxing аясында ұйымдастырылған әлем чемпионаты Ливерпульде өтіп жатыр. Дүбірлі додаға 68 елден 554 спортшы (329 ер, 225 әйел) қатысуда.
Өмір жолы мен еңбекқорлығы
Еске сала кетейік, Ертуған Зейнуллинов - 2024 жылғы Қазақстан чемпионы. Ол ұлттық біріншілікте жеңіске жеткеннен кейін бокс жаттығуларымен қатар курьерлік қызмет атқарғанын жасырмаған. Спортшының табандылығы мен еңбекқорлығы бүгінгі жетістігінің басты кепілі болды.