Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

«Қазақ боксшыларына тойға баруды тыйым салу керек»: танымал бапкер қазақ боксының басты проблемасын айтты

Редактор
11.09.2025, 12:01

Олар тоқмейілсіп кетті, алға ұмтылуға құлқы жоқ

ҰОК

Ливерпульде өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан боксшыларының жеңісті жорығы күтпеген жерден тоқтады: 9 боксшының ішінен тек үшеуі ғана жартылай финалға шыға алды. Оныншы боксшы – Санжар Тәшкенбай 12 қыркүйекте ширек финалда жұдырықтасады.

1/8 финалдан кейін турнирдің басты фавориттері саналатын Сабыржан Аққалықов пен Бекзат Нұрдәулетов жарыстан шығып қалды. Ал ширек финалда тәжірибелі Нұрбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбай «өзбек конвейерінің» құрбаны болды. Бейбарыс Жексен Абдумалик Халоковқа есе жібергенімен, жанкүйерлердің алғысына ие болды. Ертуған Зейнуллиновтың жеңілісі болса, қазақ боксы тарихындағы ең әділетсіз төрешілік шешімдердің бірі саналды.

Алайда еліміздегі ең табысты бапкерлердің бірі саналатын Тұрсынғали Еділов sportarena сайтына берген сұхбатында мәселенің түп-төркіні тек төрешілерде емес екенін айтады.

«Бейбарыс Жексен – жарады. Бұл турнирдегі басты жаңалық болды. Ал Нұрбек Оралбай көңілден шықпады. Ол өте талантты боксшы, үлкен жетістіктерге жеткен. Бірақ шыңға шығып алған соң тоқтап қалды. Қайта кері кетіп барады. Умматалиевпен жекпе-жекте жеңіске жетуіне көмектесетін ештеңе көрсете алмады. Неге? Өйткені Олимпиададан кейін оны төбесіне көтерді. Сыйлықтар, қымбат көліктер, тойдан той. Ол рингке қашан қайта оралды? Бірден емес. Сосын Астанадағы Әлем кубогындағы түрін көрдіңіздер ме? Жағдайы өте нашар болды. Біз боксшыларды марапаттауды шектемесек болмайды. Олар тоқмейілсіп кетті, алға ұмтылуға құлқы жоқ. Олимпиада немесе әлем чемпионатынан медаль алды ма – мемлекеттен тиесілі сыйлығын алсын, федерация тарапынан алғыс білдірілсін. Болды. Әйтпесе тіпті жастар арасындағы Азия чемпионын да полицейлердің кортежімен алып жүретін жағдайға жеттік. Егер ештеңе өзгертпесек, рингіміздің орнына тойханаға айналамыз!» – деді бапкер.

Еділовтің пікірінше, қазақ боксы тоқырауға ұшырамауы үшін жүйені қайта қарау қажет. Спортшыларға артық даңқ емес, тәртіп пен аштық сезімі керек. Тек сонда ғана қазақ боксы бұрынғы биігін қайта бағындыра алады.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама

Материалда: