Боксшы Қазақстанға арнайы жастарға көмектесу үшін келгенін жеткізді
Атланта-1996 Олимпиадасының жеңімпазы, боксшы Василий Жиров «Уақыт көрсетеді» арнасына берген сұхбатында өзінің еңбегіне қарамастан, Қазақстандағы спорт шенеуніктерінің назарынан тыс қалып отырғанын айтты.
Жировтың айтуынша, ол Алматыда он күн бойы жүргенімен, қалалық спорт басқармасының басшылығы тарапынан ешқандай байланыс болмаған. Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігінен де ешкім хабарласпаған.
Ол тіпті Геннадий Головкин тарапынан көмек болмағанын, ал Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевпен бұрын кездескенімен, бұл сапарында жолықпағанын атап өтті.
Боксшы Қазақстанға арнайы жастарға көмектесу үшін келгенін жеткізді:
«Маған дұрыс жұмыс беріңіздер. Жігіттерге көмектесуге мүмкіндік беріңіздер. Екі Олимпиада қатарынан Олимпиада чемпиондары жоқ», - дейді боксшы.
Еске сала кетейік, Жиров – Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы (Атланта-1996), «Баркер кубогының» (ең үздік техника үшін) алғашқы иегері және кәсіби бокстағы алғашқы әлем чемпионы (IBF, 1999–2003).