Кештің андеркардында қазақстандық боксшы Иван Дычко шаршы алаңға шығады
Мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен америкалық Теренс Кроуфорд Лас-Вегаста өтетін тарихи титулдық жекпе-жек алдындағы ресми салмақ өлшеуден сәтті өтті. Бұл кездесу бокс кешінің басты оқиғасы болмақ.
Альварес екінші орта салмақтағы (76,2 кг дейін) абсолютті әлем чемпионы атағын қорғайды. Салмақ өлшеу барысында қос қарсылас та белгіленген шектеуге сыйып, 167,5 фунт (шамамен 76 кг) көрсеткішін көрсетті.
Кейін боксшылар жанкүйерлердің қатысуымен өткен салтанатты рәсімге шықты. Онда мексикалық пен америкалық соңғы рет бетпе-бет келіп, көз арбасуға (staredown) қатысты. Бұл сәтті UFC президенті Дана Уайт жүргізді. Дуэль ешқандай жанжалсыз өтті, қос мықты тек суретке түсу рәсімін өткізді.
Альварес пен Кроуфорд арасындағы жекпе-жек 14 қыркүйек, жексенбі күні, Астана уақытымен таңғы 08:00-де басталады.
Ал кештің андеркардында қазақстандық боксшы Иван Дычко шаршы алаңға шығады. Екі дүркін Олимпиада ойындарының қола жүлдегері ауыр салмақта америкалық Джермейн Франклинге қарсы айқасады.