Юсупов күміс медальге қанағаттанбайтынын ашық айтты
Семейде бокстан ересектер арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында 90 келі салмақта күміс жүлдегер атанған қарағандылық Нурмагамед Юсупов финалдық жекпе-жек қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеді.
Юсупов пен түркістандық Сағындық Тоғамбай арасындағы шешуші кездесуде төрешілер жеңісті Тоғамбайға берді. Алайда Юсупов бұл шешімді әділетсіз деп санайды.
«Айқасқа қарасақ, мен жеңген сияқтымын. Тоғамбаймен бұған дейін де бірнеше рет жолықтық. Бұл жолы жеңгенімді дәлелдедім деп ойлап едік, бірақ төрешілер осындай шешім қабылдады. Әйтпесе жанкүйерлер де мені жеңді деп санайды», – деді боксшы.
Юсупов финалға үлкен мақсатпен шыққанын, күміс медальге қанағаттанбайтынын ашық айтты.
«Алтын медаль аламын деп келгенмін, сондықтан күміске көңілім толмайды. Алып-қосарым жоқ», – деді ол қысқаша.
Айта кетейік, Сағындық Тоғамбай бұған дейін Ливерпульде өткен әлем чемпионатында өзбек боксшысы Тұрарбек Хабибуллаевтан жеңілген болатын. Ал бұл жолы ол ел біріншілігінде жеңіске жетті.