Жарнама
Жарнама

АҚШ жанкүйерлері Жәнібек Әлімханұлының жетістігіне күмән келтірді

Редактор
03.11.2025, 17:12

Жанкүйерлер оның қалай екі белбеу жеңіп алғанына таңданыс білдірген

ҰОК

АҚШ-та көптеген жанкүйерлер мен журналистер Жәнібек Әлімханұлының шын мәніндегі деңгейіне күмән келтіріп отырғаны мәлім болды. IBF және WBO нұсқаларында чемпиондық белбеулерді иеленгеніне және үшінші титулды көздеп отырғанына қарамастан, ол туралы пікір екіге бөлініп отыр.

Бұл туралы Boxingscene ақпарат порталы жазды. Аталған басылымға жанкүйерлер сұрақ жолдап, сарапшылар жауап беретін айдарда сауал жолдаған.

«Эрисланди Лара мен Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі қызық болатыны сөзсіз. Лараның жеңгенін қалаймын, бірақ оның жасы 42-де. Маған біреу түсіндіріп беретін жайт бар. Неге Жәнібектің рейтингі соншалықты жоғары? Оның әлемдік деңгейдегі қандай айрықша жекпе-жектері бар?», - деп DClefthook атты қолданушы сұрақ қойды.

Бұл сауалға америкалық журналист Лукас Кетелле жауап берді.

«Орта салмақ жаңа жұлдызды күтіп жүрді. Әлімханұлы осы бос кеңістікті пайдаланып, белбеу жеңіп алды. Кейін оны біріктірді және қосымша титулдарға ұмтылып жүр», – деді ол өз жауабында.

Сарапшы жанкүйердің күмәнін жоққа шығармағанымен, оған түсінікті себептер ұсынды. Оның айтуынша, Жәнібектің Дензел Бентлиге қарсы жекпе-жегінде сенімді көрінбегені көпшіліктің есінде қалған. Сонымен қатар, ол Геннадий Головкиннің жолын жалғастырушы ретінде қабылданғанымен, дәл сондай әсер қалдыра алмай отыр деп ой білдірді.

«Әлімханұлы көбіне титул иегерлерімен немесе міндетті қарсыластармен жекпе-жекке шығып жүр. Бұл оның қазіргі орнын түсіндіреді. Бірақ орта салмақта тартысты, қызықты жұлдыздардың аздығы да оған деген қызығушылықтың төмендеуіне әсер етеді», – деп түйіндеді Лукас Кетелле.

Реклама
Реклама