«Қайраттың» Лондонда өтетін ойынына төреші тағайындалды

Редактор
27.01.2026, 12:04

Кездесу 28 қаңтардан 29 қаңтарға қараған түні өтеді

ФК «Қайрат»

UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі аясындағы сегізінші турда өтетін қазақстандық «Қайрат» (Алматы) пен Англияның «Арсенал» (Лондон) командалары арасындағы кездесуді қай елдің төрешілері жүргізетіні белгілі болды.

Матчта Швейцариядан келген Урс Шнидер бастаған төрешілер бригадасы қызмет атқарады. Оған отандастары Марко Цюрхер мен Беньямин Цюрхер көмектеседі. Төртінші төреші де – Швейцария өкілі Свен Вольфенсбергер.

Кездесу 28 қаңтардан 29 қаңтарға қараған түні, сағат 01:00-де Англия астанасы Лондон қаласындағы «Эмирейтс» стадионында өтеді. Матчты «Qazaqstan» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Айта кетейік, бұл ойынға алматылық клуб сапында Дастан Сәтпаев, Азамат Тұяқбаев, Олжас Байбек секілді футболшылар қатыса алмайды.

Осыған дейін негізгі кезең матчтарында «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» (1:4), Испанияның «Реал Мадридіне» (0:5), Италияның «Интеріне» (1:2), Грекияның «Олимпиакосына» (0:1), Данияның «Копенгагеніне» (2:3), Бельгияның «Брюггесіне» (1:4) есе жіберді. Ал Кипрдің «Пафосымен» кездесуі 0:0 есебімен аяқталды.

Ал турнир кестесінде «Арсенал» керісінше, жеті турда бірде-бір ұпай жоғалтпай, 21 ұпаймен көш бастап тұр.

Реклама
Реклама