Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

Дастан Сәтпаев Давид Луиспен текетірес жайлы айтты

Редактор
22.10.2025, 09:22

Давид Луис – тәжірибелі ойыншы, үлкен тарихы бар футболш

Коллаж 1bol.kz

«Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасындағы «Пафоспен» (0:0) өткен тең ойыннан кейін пікір білдірді. Сондай-ақ кипрлік команданың басты жұлдызы, аты аңызға айналған бразилиялық қорғаушы Давид Луиспен болған дуэль туралы әсерін бөлісті. Бұл туралы ол QSport арнасына берген сұхбатында айтты.  

– Дастан, сенің Давид Луиспен текетіресіңді ең есте қалған сәттердің бірі деп айтуға болады. Онымен бәсекелесу қаншалықты қиын соқты?

– Шынымды айтсам, Чемпиондар лигасындағы барлық қорғаушы мықты. Ал Давид Луис – тәжірибелі ойыншы, үлкен тарихы бар футболшы. Онымен ойнау оңай болған жоқ, кей сәттерде төреші байқамай қалғанда мені ұстап қалып та жатты (күліп). Бірақ бұл да тәжірибе. Осындай ойындар арқылы өсеміз, үйренеміз, – деді Сәтпаев.

– Соңғы уақытта қарсыластар сенің ойыныңды зерттеп алған сияқты. Ойыннан орын табу қиындай түскен жоқ па?

– Иә, қазір командалар бізге жақсы талдау жасайды. Қарсылас жаттықтырушылар арнайы тапсырмалар береді. Олар біздің ойынымызды зерттеп, жеке әрекеттерімізге де дайындалып келеді. Сондықтан біз де өз ойынымызды түрлендіріп, күтпеген шешімдер қабылдауымыз керек.

– «Реалмен» болған матчтағы бірінші минуттағы қауіпті шабуылды бәріміз білеміз. Бүгін де ұқсас көрініс байқалды. Бұл арнайы дайындалған тәсіл ме?

– Иә, бұл біздің дайын тактикамыз. Біз әдетте ойынның басынан-ақ қарсыласты өз жарты алаңында қыспаққа алуға тырысамыз.

– Бүгін бір ұпай алдыңдар, бірақ қарсылас он футболшымен ойнады. Мүмкіндікті пайдалана алмадыңдар деген өкініш бар шығар?

– Әрине, өкініш бар. Өйткені қарсылас аз құраммен ойнады, біз міндетті түрде жеңуіміз керек еді. Бірақ бұл жоғары деңгейдегі жарыс, мұнда қателік кешірілмейді. Сол себепті өз ойынымызды саралап, кемшіліктерімізді түзетеміз деп ойлаймын.

– Алдағы матчтар туралы не айтасың? Келесі қарсылас – «Астана».

– Әзірге осы матчтан толық айыға қойған жоқпын. Бірақ уақыт тығыз, енді жергілікті чемпионатқа дайындаламыз, содан кейін «Интерге» қарсы ойын күтіп тұр.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама