Боранбаев: Италияның 20 дүркін чемпионымен тең дәрежеде ойнау – зор жетістік
«Қайраттың» Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Миланда өткен «Интер» — «Қайрат» матчын қорытындылап, жанкүйерлерге ерекше ризашылығын білдірді.
Боранбаевтың айтуынша, Еуропада өткен сырт алаңдағы матчта қазақстандық жанкүйерлердің қолдауы тарихи сәт болды.
«Еуропадағы сырт алаңдағы „Қайрат“ ойынында мұншалықты көп жанкүйерді алғаш рет көрдім. Қонақтар трибунасы толығымен біздің фанаттармен толды. Кей сәттерде олардың қолдауын әйгілі „Сан-Сироның“ дауысының арасынан анық естіп тұрдық! Стадионға келген, экран алдында жанкүйер болған барша қазақстандықтарға алғыс айтамын», — деді Боранбаев.
Сондай-ақ ол «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы бұл ойыны команда дамуының маңызды кезеңі болғанын атап өтті.
«Біз Чемпиондар лигасының былтырғы финалисіне қарсы лайықты ойын көрсеттік. Қадам сайын команда тәжірибе жинап, ең жоғары деңгейдегі ойын атмосферасын сезінуде. Жігіттерге шын жүректен ризамын. Команда мен бапкерлерге сапалы, сенімді және батыл ойын үшін алғыс білдіремін. Италияның 20 дүркін чемпионымен тең дәрежеде ойнау – зор жетістік», — деді ол.
Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде төрт турдан кейін өз қоржынында бір ұпай иеленіп отыр.