Біздің басты мақсат – Олимпиада
Дубайда өткен әлем чемпионатында көпшіліктің назарын аударған боксшылардың бірі – Өзбекстан сапында өнер көрсететін қазақ баласы Арман Маханов. Өзбекстан Баходир Жалоловтың арқасында талай жыл аса ауыр салмақта көшбасшы болып келді. Ал енді оның орнын кім басады? Бұл дивизионға ауысқанына көп болмаса да, әлем біріншілігінде күміс жүлдеге қол жеткізген Арманның бірінші нөмірлі боксшы атануға мүмкіндігі қандай? Бұл нәтиже кездейсоқ па, әлде ұзақ жылғы еңбектің жемісі ме? Арманды баптаған жаттықтырушы Нұрсұлтан Бөріханов шәкіртінің әлемдік додадағы жолын, салмақ ауыстыру шешімін, Өзбекстан боксындағы бәсекелестік пен үлкен мақсаттар жайлы тарқатып айтып берді.
– Жылды әлем чемпионатымен аяқтадыңыздар. Дубайдағы аламанда күміс жүлде алдыңыздар. Ал бастапқы мақсат қандай еді? Арман финалға дейін жетеді деп ойладыңыз ба?
– Шынымды айтсам, Арман финалға шығады деп ойлаған жоқпын. Бірақ жеребе сәтті түссе, жартылай финалға дейін баруы мүмкін деген жоспар болды. Мұны бас бапкер Толкин Киличев те айтқан. Әр жекпе-жек алдында Толкин ағаның өзі келіп, Арманға арнайы мотивация беріп отырды. «Бүгін қалай болғанда да бұл жекпе-жекті жұлып алуымыз керек» деп дайындады. Маған да: «Арманды жақсылап бапта» деп нақты тапсырма берді. Ол кісі Арманның жеңісін қатты қалады.
– Финалдағы жекпе-жегіне қандай баға бересіз?
– Арман қолдан келгеннің бәрін жасады. Бар күшін салды. Бірақ жеребе оңай түскен жоқ. Мықты боксшылардың бәрі біздің себетте болды: Испания, Куба, Қазақстан, Армения, Беларусь өкілдері. Соның бәрінен өту – өз алдына үлкен еңбек.
– Шешуші сәтте бапкер орамал тастады. Бұл боксшының сағын сындырмау үшін жасалған шешім бе?
– Толкин Киличев – өте тәжірибелі, сауатты бапкер. Арман үшін бұл – ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты. Оның үстіне финалға дейін жетті. Мұндай жағдайда боксшыны психологиялық тұрғыда қорғау да маңызды.
– Жекпе-жектен кейін шәкіртіңізге не айттыңыз?
– «Менің көңілімнен шықты. Сен керегінен артық жұмыс істедің» дедім. Біздің басты мақсат – Олимпиада. Осы жолдағы әр белес біз үшін маңызды тәжірибе.
– Мамандар Арманның салмағы аса ауыр салмаққа әлі де жеңілдеу дейді. Бұл дивизионға ауысу туралы шешім қалай қабылданды?
– Арман – төмен салмақтан көтерілген боксшы. 2022 жылы ол халықаралық турнирлерге 75 келіде қатысып жүрген. Бізге салмақты күштеп арттырудың қажеті жоқ. Тек физикалық дайындықты арттырсақ жеткілікті деп есептейміз.
– Бұл Арманның ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты ғой, ол аса ауыр салмаққа бейімделіп үлгерді ме?
– Иә, әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, финалға жетті. Шеберлікті шыңдауды әрі қарай да жалғастыра береміз.
– Осы біріншілікке Өзбекстан сапында екі қазақ боксшысы барды. Бірақ Саят Ілиясов жарысты ерте аяқтады. Не жетіспеді деп ойлайсыз?
– Өз басым Саят жеңілді деп есептемеймін. Екінші раундта ешқандай ескертусіз оның ұпайын алып тастады. Үшінші раундта қарсыласы Саятты құшақтап алып, мүлде жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді.
– Арман бокспен қашан айналыса бастады? Осы спорт түрін таңдауына сіз ықпал етті деп естідім.
– Арман боксқа 2013 жылы келді. Ал 2011 жылы мен мектепте бастауыш сыныптарға дене шынықтыру пәнінен сабақ беретінмін. Арман ол кезде екінші сыныпта оқитын. Оның Ералхан деген сыныптасы бар еді, өте шапшаң, тентектеу бала болатын. Сол баланы көріп, «егер жаттықтырушы болсам, осыны боксқа тартамын» деп ойладым. 2013 жылы бапкерлік жұмысымды бастағанда сол сыныпқа барып, балаларды шақырдым. Сол сегіз баладан бүгінге дейін Арман мен Ералхан ғана қалды.
– Өзбекстанда бәсекелестік өте жоғары. Ұлттық құрамаға ілігу қаншалықты қиын?
– Биыл, 2025 жылдың қаңтарында, Өзбекстан чемпионатында Арман финалға дейін жетіп, Зокиров Жахонгирге жол берді. Бірақ Зокировпен толық үш раунд бокстасқан жалғыз Арман болды. Қалған қарсыластары үшінші раундқа жеткен жоқ.
– Биылғы екі әлем чемпионатында да Өзбекстан аса ауыр салмақта күміс алды. Арман қашан бірінші нөмірлі боксшы бола алады?
– Бірінші нөмірлі боксшыны жеңген кезде. Қазір тек Зокиров қана емес, Андижанда туған тағы бір жас боксшы өсіп келеді. Ол U22 чемпионы, жақында Үндістанда өткен Әлем кубогында да топ жарды.
– Ұзақ жылдар бойы көшбасшы болған Баходир Жалолов туралы не айтасыз? Арман онымен спарринг өткізгенін де білеміз.
– Баходир – нағыз еңбекқор, режимді қатаң ұстайтын спортшы. Мақсатын әрдайым бірінші орынға қояды. Адамгершілігі де өте жоғары. Арманға көп көмегін тигізді. Спарринг кезінде қатты соққы жасамай, әдейі сақтық танытатын.
– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бокс бәсекелестігіне көзқарасыңыз қандай?
– Өз басым екі елдің спортшыларын бір-біріне қарсы қою дегенді түсінбеймін. Мүлде дұрыс емес. Біз – бір халықпыз. Бір-бірімізді қолдауымыз керек. Спортшылардың арасында ешқандай араздық жоқ. Бірақ соңғы кездері диванда отырып алып, артық сөз айтатындар көбейіп кеткен.
– Соңғы он жылдағы Өзбекстан боксының тұрақты жетістігінің сыры неде?
– Бұл – ұжымдық жұмыс. Әркім өз міндетін атқарады: массажист – массажын, дәрігер спортшының денсаулығын қадағалайды. Ең бастысы – бас бапкер жас бапкерлердің де пікірін тыңдайды.
– Спортшыларға жасалған жағдай қалай?
– Жағдайды нәтиже көрсетеді. Қалғанын сол жетістіктерден-ақ байқауға болады.
– Арманнан бөлек табысты шәкірттеріңіз бар ма?
– Әрине. Әкем Рахимжанов Ілияс екеуміз бір залда жұмыс істедік. 2021 жылы Белградтағы әлем чемпионатында Мадияр Саидрахимов (92 кг) қола жүлде алды. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында Ойбек Джураев (54 кг) күміс жүлдегер атанды.
– Өзіңіз боксқа қалай келдіңіз?
– Мені боксқа 2001 жылы әкем алып келді. Ол кезде 11 жаста едім. Әкем Ілияс Рахимжанов – Спартакиада жүлдегері. Ол кісі маған көп нәрсе үйретті, дұрыс тәрбие берді. Қазіргі жетістіктерімнің бәрі – әкемнің еңбегі.
– Ал бапкерлікке қалай бет бұрдыңыз?
– 2001 жылдан 2012 жылға дейін өзім бокстастым. Үлкен нәтиже көрсете алмадым. 2012 жылы облыс чемпионатынан кейін спорттық мансабымды аяқтадым да, 2013 жылы бапкерлік жұмысқа кірістім.
– Келесі жылы Азия ойындары өтеді. Арманның ол жарысқа бару мүмкіндігі қандай?
– Бұл бас бапкердің шешіміне байланысты. Ол кісі қандай шешім қабылдаса да, мен толық қолдаймын.