Дегенмен тіл ешқашан кәсібилікті алмастырмауы керек, тек қатар жүруі тиіс.
Биыл футболдан Өзбекстан құрамасы тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысады. ал ұжымның дәл осындай нәтижеге жетуіне бірден-бір себепкер адам – ол сол кездегі бас бапкер Тимур Кападзе. Оның есімі қазақ жанкүйерлеріне «Ақтөбе» клубындағы жұмысымен жақсы таныс. Бірақ жаттықтырушы тарихи жетістіктен соң құрамадағы қызметінен кетіп, оның орнын атақты футболшы Фабио Каннаваро басты. Осы орайда Кападзеден бұл тағайындауға қалай қарайтынын, Өзбекстаннан қандай нәтиже күтетінін және Қазақстан футболының кем-кетіктері жайлы сөйлестік.
– Тимур Тахирұлы, осыдан екі ай бұрын «Навбахор» клубына тағайындалыпсыз. Құтты болсын! Қызу жұмыс арасында уақыт бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет. Сізге көптеген ұжымнан шақырту түскен шығар. Таңдауыңыз неліктен осы клубқа түсті?
– Иә, расымен де ұсыныстар болды, бірақ бұл шешім аяқ астынан қабылданған жоқ. Ал таңдауымның «Навбахорға» түсуіне әсер еткен бірнеше фактор бар. Олар: клубтың амбициясы, жобаға деген байыпты көзқарас пен клуб басшылығының қандай футбол көргісі келетінін нақты түсінуі. Оның үстіне маған басшылықтың тек «осында және қазір» деген ұстанымға байланып қалмай, команданы жүйелі түрде дамытуға мән беретіндігі ұнады. Өз басым бапкерге сенім артып, алға қойылған мақсаттарды анық көрсету керек деп санаймын, сол себепті олардың көзқарасы менің философияма жақын екенін түсіндім. Таңдауымның басты себебі де осы болды.
– Биыл Өзбекстан құрамасы үшін жауапты әрі маңызды жыл болмақ. Құрама өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысады. Қарсыластарыңыз осал емес. Әлем чемпионатында ұжым лайықты нәтиже көрсете ала ма, әлде бұл тек тәжірибе жинау ма? Жалпы, командадан қандай футбол көргіңіз келеді?
– Мен үшін бұл – бір ғана циклдің немесе бір құраманың емес, тұтас жүйенің көпжылдық еңбегінің нәтижесі және баға жетпес тәжірибе жинауға зор мүмкіндік. Ең бастысы, команда әлем чемпионатына жай қатысушы ретінде емес, өзінің болмысын сақтай отырып барса екен деймін. Батыл, ұйымшыл, тәртіпті әрі мықтылардан именбей ойнайтын ұжымды көргім келеді. Мундиальға «біз онсыз да қолдан келгеннің бәрін жасадық» деген оймен ғана баруға болмайды. Кез келген ұжым өзінің бәсекеге қабілетті екенін және әрі қарай да дамуға дайын екенін көрсету үшін қатысуы қажет деп ойлаймын.

– Құраманың мундиальға іріктелуіне сіздің де қосқан үлесіңіз зор. Тарихи жетістікке қол жеткізгенде қандай сезімде болдыңыз?
– Бұл өте әсерлі сәт болды. Эмоциямды аса көрсетпеуге тырыстым, бірақ бойымды мақтаныш сезімі биледі. Футболшылар үшін, бапкерлер штабы үшін, тұтас ел үшін қуандым. Осындай сәттерде ұйқысыз түндер, қысым мен жауапкершіліктің бәрі зая кетпегенін түсінесің. Сонымен бірге бұл өзбек футболы үшін жаңа тарихтың басталғанын сезінген ерекше кезең болды.
– Сіз Өзбекстанның жастар құрамасының Олимпиада ойындарына қатысуына да себепші болдыңыз. Бұл Өзбекстанда футболдың деңгейі күрт өскенін аңғарта ма, әлде маман ретінде тәжірибеңіздің толысқанын көрсете ме?
– Мен бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарамас едім, себебі өзара тығыз байланысты процесс. Елде футбол дамыса, жағдай жақсарады, ал бапкер кәсіби тұрғыда өссе, сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып үйренеді. Егер бір негізгі факторды ата десеңіз, онда ұзақмерзімді жұмысқа деген сенім мен шешім қабылдаудағы жүйелілікті айтар едім. Тұрақты жұмыс істейтін жүйеде бапкерде де, футболшыда да міндетті түрде өсім болады.
– Жалпы, өзбек футболында мықтылар бұрын да болған. Бірақ қазір жергілікті футболшылар жаңа деңгейге шыға бастағандай. Еуропаның бірқатар мықты клубында ойнап жүрген футболшыларыңыз бар. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Бұл селекцияның нәтижесі ме, әлде менталитеттің өзгеруі ме?
– Бірқатар үдеріс нәтижесі деп ойлаймын. Жас футболшылармен жұмыс жақсарды, ойыншылардың кәсібилікке, заманауи футбол талаптарына деген көзқарасы өзгерді. Оның үстіне федерация дайындық пен халықаралық байланыс бағытында жүйелі жұмыс жүргізе бастады. Қазір еуропалық клубтар талантқа ғана емес, ойыншының бейімделу қабілетіне де мән береді. Дәл осы тұрғыда өзбек футболшылары бұрынғыдан да саналы бола түсті деп ойлаймын.
– Фабио Каннаваро футболшы ретінде керемет жетістіктерге жеткен. Бірақ бапкер ретінде аса тәжірибелі дей алмайсың. Өзбекстанда оның құрамаға тағайындалуына қатысты да түрлі пікірлер айтылды. Жалпы, италиялық маман қалай таңдалды және сіз бұл тағайындауды қалай қабылдадыңыз: логикалық шешім ретінде ме, әлде тәуекел ретінде ме?
– Мен бұл жайтқа түсіністікпен қараймын, сол үшін тәуекелге бару-бармау деп баға бере алмаймын. Фабио Каннаваро – футболда аты дардай, әлемді мойындатқан тәжірибелі ойыншы. Оның команда сапына қосылуының өзі ұжымға үлкен көмек болуы мүмкін. Кез келген тағайындауды федерацияның таңдауы деп қарастырған жөн және ол басшылықтың болашаққа деген көзқарасын аңғартады. Сондықтан мұндай шешімдерге бағаны тек уақыт береді. Сен оны алдын ала айта алмайсың, сол үшін тек атқарылған жұмыс пен нәтижеге қарап бағалау керек.
– Әдетте футболда, әсіресе ұлттық құрамада бапкер мен футболшылар бірін-бірі түсінетін тілде сөйлеу керек, ол қарым-қатынасқа да, іштегі атмосфераға да жақсы әсер етеді деп жатады. Өзбекстан құрамасында бұл мәселе қалай шешілген?
– Бұл – құрамадағы жұмыстың ең маңызды факторларының бірі. Мұнда бәрі тек тілге тіреліп тұр ойлау қате, бұл жерде футболшылардың менталитетін, жауапкершілікті қалай қабылдайтынын, қысымды қалай сезінетінін түсіну маңызды. Біз құрамада ойыншыларды не үшін шақырғанымызды және олардан нақты не талап етілетінін ұғынатын орта қалыптастыруға тырыстық. Себебі сенім мен ортақ мақсат бар жерде жұмыс әлдеқайда нәтижелі болады.
– Сізді бастапқыда құрамада кеңесші болып қалады деп жатты. Бірақ өзіңіз бұл қызметтен кеттіңіз. Оның себебін де айтып өттіңіз. Бірақ әлем чемпионатына кеңесші боп баруыңыз мүмкін деген пікірлер әлі де бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?
– Мұндай әңгімелер расымен де болды. Бірақ ойлана келе кеңес беру тиімді болмауы мүмкін деген ортақ шешімге келдік. Бапкерлік штаб біртұтас механизм ретінде жұмыс істеуі керек, сонда әр адам жауапкершілік өзіне ғана артылатынын түсінеді. Сол кезеңде мен клубтық жұмысқа қайта бет бұруды жөн көрдім және бұл шешімім дұрыс болды деп ойлаймын.
Ал әлем чемпионатына келсек, футболда әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін, бірақ дәл қазір бар ойым мен назарым – клубтағы жұмысымда.
– Бұған дейін де атап өткеніміздей, футболда ортақ тілде сөйлей алу – аса маңызды фактор. Сіз өзбек тілін еркін меңгерген мамансыз. Өкінішке қарай, Қазақстанда қазақ тілінде еркін сөйлейтін футбол мамандарының саны көп емес. Осыған байланысты сарапшылардың көбісі елімізде футболдың дамуы мемлекеттік тілмен тікелей байланысты болуы тиіс деген пікір айтады.
– Осы тұрғыдан алғанда, өзбек футболында ортақ тілдің қалыптасуы командалық рухқа және ұлттық құраманың жалпы дамуына қаншалықты әсер етті?
– Ортақ тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, ол команданың өзіндік болмысының бір бөлігі. Ойыншылар, бапкерлер мен қызметкерлер бір-бірін кедергісіз түсінген кезде ғана ұжымдағы сенім мен бірлік нығаяды. Өзбек футболында бір тілде сөйлеу факторы әсіресе ішкі тұтастық пен жауапкершілікке оң әсер еткені анық. Дегенмен тіл ешқашан кәсібилікті алмастырмауы керек, тек қатар жүруі тиіс.
– Былтыр күзде Қазақстан мен Өзбекстан арасында жолдастық кездесу өтуі керек болатын. Алайда екі елдің де бас бапкерлері ауысты. Ал жолдастық матч неліктен өтпей қалды деп ойлайсыз?
– Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін және бәрі бір тарапқа ғана байланысты емес. Мұндай кезеңде күнтізбе, логистика, футболшылардың жағдайы, клуб алдындағы міндеттемелер үлкен рөл атқарады.
Өз басым бұл матч спорттық тұрғыдан да, имидж жағынан екі құрамаға пайдалы болар еді деп ойлаймын. Алайда жолдастық кездесулердің мәні мен маңызы жалпы дайындық стратегиясына сай келгенде ғана арта түседі. Сондықтан ол өткізу үшін ғана ұйымдастырылмауы керек.
– Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасында бәсеке о бастан жоғары екені белгілі. Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына шыққан соң бұл тақырып қайта көтеріле бастады. Көпшілік екі құраманың деңгейін білгісі келеді. Осы орайда мамандар құрамалар өзара жолдастық матч өткізуі керек деп жатыр. Жалпы, екі елге кімнің мықты екенін анықтау не береді және ол қаншалықты қажет?
– Шыны керек, салыстыра беруді ұнатпаймын. Әр құраманың өз жолы, өз жағдайы, өз даму тарихы бар. Әдетте мұндай салыстырулар жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері үшін ғана қызық шығар, бірақ командалар үшін аса маңызды емес. Бапкерлер мен футболшылар «кім мықты, кім әлсіз» деп бас қатырмайды, олар өз жұмысын тыңғылықты атқаруды ғана ойлайды. Футбол дегеніміз толқын секілді: бүгін сен алға шықсаң, ертең басқа біреу сенің алдыңды орайды.
– Өзбекстан әлем чемпионатына Азия арқылы шыққан соң Қазақстанның Еуропаға өтуі туралы шешім қате болды деген пікірлерді қайта жандана бастады. Қазақстан футболының әлеуетін бір кісідей білесіз. Азия арқылы іріктеуден өту шынымен де оңайырақ па, әлде бұл сөздер жетістіктің құнын төмендету тәсілі ме?
– Қазақстанның Еуропаға өтуін қате шешім деп атамас едім. Кез келген таңдау сол кезеңдегі нақты міндеттер мен шынайы жағдайға сүйене отырып қабылданады. Азия мен Еуропаның айырмашылығы орасан: екі бөлек орта, екі түрлі бәсеке, екі түрлі контекст. Азияда нәтижеге жету жолы қысқалау боп көрінуі мүмкін, бірақ бұл оның жеңіл екенін аңғартпайды. Ал Еуропада қарсыластардың деңгейі өте жоғары, бұл да өз кезегінде үлкен тәжірибе. Сондықтан бұл жерде әмбебап дұрыс жауап жоқ.
– Ұлттық құрамалардан да ұсыныс түскені жайлы айтып едіңіз. Құрамалармен жұмыс істеудің реті келмеді ме? Қандай кедергілер болды?
– Қызығушылықтың болғаны рас. Бірақ ұлттық құрамамен жұмыс – тек келісімшартқа қол қоюмен шектелмейтінін өздеріңіз білесіздер. Мұнда екі тараптың футбол философиясы, алдына қойған мақсаттары мен мерзімі ортақ болуы қажет. Ал ең бастысы – өзара сенім деңгейі сәйкес келуі керек. Кейде бұл шарттар лайықты деңгейде үйлесім таппай жатты. Сондықтан толыққанды пайда тигізе алатын жобада жұмыс істеу маңыздырақ екенін түсіндім. Яғни құжат жүзінде қызмет атқарғаннан гөрі, нақты нәтиже беретін орта таңдадым.
– Қазақстаннан да ұсыныстар түсті деген ақпарат тарады. Бұл рас па? Рас болса, неліктен қарастырмадыңыз?
– Белгілі бір қызығушылықтың болғаны рас, бұл футбол ортасында қалыпты жағдай. Алайда ұсыныстар түскен кезде өз жолыма, кәсіби бағытыма қатысты таңдау жасап қойған едім. Шешімді эмоцияға беріліп емес, ұзақмерзімді жоспар мен кәсіби мақсаттарға сүйене отырып қабылдадым. Жалпы, мұндай мәселелерде сабырмен, ойланып барып қадам басуға тырысамын.
– Кезінде өзіңіз «Ақтөбеде» өнер көрсеттіңіз. «Ақтөбе» еурокубоктарға тұрақты қатысып жүрген командалардың бірі, бірақ ұзаққа бармайды. Көбісі «Ақтөбені» «фарт жоқ клуб» деп айтады. Еурокубоктарда не қызыл қағаз алады, не голын есептемей қояды. Ол неге байланысты деп ойлайсыз? Футболда мұндай «сәтсіздік синдромы» шынымен бола ма, әлде бұл жай сәйкестік пе?
– Ұзақмерзімді нәтиже тұрғысынан алғанда «сәтсіздік» деген ұғымға сенбеймін. Әрине, жекелеген матчтарда жолың болмауы мүмкін, гол кірмей, футболшылардың ойыны жүрмей қалуы мүмкін, бірақ жүйелі түрде алып қарасақ, бәрі дайындық деңгейіне, тәжірибеге және клубтың тұрақтылығына келіп тіреледі. Еурокубоктарда ойнау үшін мықты команда болу аз, себебі турнир жоғары деңгейде ойнау мәдениетін талап етеді. Ал ол бір күнде қалыптаспайды, керісінше, жылдар бойы жиналған тәжірибемен ғана келеді.
– Қазақстан клубтарды жекешелендіруге кірісті. Еліміздің бірқатар ұжымын меценаттар сатып алды. Әрине, Еуропа футболдан ақша жасауды баяғыда меңгерген, ол жақта спортқа қатысты түсінік басқаша. Ал Орталық Азияда, біздің менталитетті ескерсек, клубтардың жеке адамдардың қолында дамуы, табыс әкелуі қаншалықты шындыққа жанасымды дүние?
– Мұндай модельді жоққа шығаруға болмайды, бірақ ол үшін өте сауатты менеджмент қажет. Клуб жай ғана команда емес, айқын стратегиясы, маркетингі, жанкүйерлермен жұмысы және академиясы бар құрылым болуы тиіс. Еуропа клубтары да осы кезеңдерден өтті, бірақ оларға ондаған жыл қажет болды. Ал бізде бұл процесс енді ғана басталып жатыр. Сондықтан асығыстық танытпай, шыдам мен ұзақмерзімді жоспарлауға мән беру керек.
– Жалпы, Қазақстан футболының аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?
– Қазақстан футболының әлеуеті жақсы. Инфрақұрылым біртіндеп жақсарып келеді, футболға деген қызығушылық арта бастады. Әсіресе академиялар және балалар мен жасөспірімдер футболына қатысты оң өзгерістер байқадым. Әрине, кез келген жүйеде уақыт пен жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер болады. Сондықтан жылдам нәтиже іздемей, тіпті кішкентай қадамдармен болсын таңдаған бағыттан таймауға тырысу қажет.
– Біздің ұлттық құрама қашан әлем чемпионатына қатысуы мүмкін деп ойлайсыз?
– Футболда нақты мерзімді атау оңай емес. Барлығы жүйелі жұмыстың қалай құрылатынына байланысты: балалар футболынан бастап ұлттық құрамаға дейінгі тұтас тізбек дұрыс жұмыс істегенде ғана нәтиже болады. Айқын стратегия, төзімділік және мамандарға деген сенім – міне, осы факторлар өзара үйлесім тапқан кезде ғана құрама үлкен мақсатқа жақындай түседі. Ең бастысы, процесті қолдан жылдамдатуға тырыспаған жөн.
– Егер бірнеше жылдан кейін ұлттық құраманың тізгінін қайта қолға алсаңыз, бұрынғы кезеңмен салыстырғанда нені өзгертер едіңіз?
– Мен үшін футбол дегеніміз – ең алдымен ұйымдастыру, тәртіп және ойынды терең түсіну деген сөз. Команда не істеп жатқанын, не үшін істеп жатқанын нақты білуі тиіс. Өз басым нәтиже мен даму арасындағы, құрылым мен ойыншылардың еркіндігі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысамын. Футболшыға жаттықтырушының тапсырмаларын жай ғана орындау аздық етеді, ол соның мәнін жете түсініп, іштей қабылдауы керек.
– Сіз мансабыңызда әртүрлі рөл атқардыңыз: футболшы да болдыңыз, жастар құрамасын да баптадыңыз, ұлттық құрама тізгінін де ұстадыңыз. Психологиялық тұрғыдан осылардың ішінде ең ауыр рөл қайсысы?
– Қысым – бапкер мамандығының ажырамас бөлігі, әсіресе үлкен мақсаттар қойылған кезде ол тіпті арта түседі. Мен процеске, өзімнің жұмысыма және командаға тікелей байланысты дүниелерге ғана назар аударуға тырысамын. Егер кез келген шешім адал әрі кәсібилікпен, ісіңе деген шынайы құрметпен қабылданса, онда сыртқы қысымға төзуге болады. Саған біреу үміт артса, оны кедергі деп қарамау керек, керісінше, ол сенің жұмысыңа деген қызығушылықтың көрінісі. Мұны әдетте уақыт өте түсінесің.

– Қазіргі футбол жылдам өзгеріп жатыр. Оған сараптама, деректер, технологиялар әсер етіп жатқаны анық. Ал өзіңіз бапкер ретінде сандар мен талдауға қаншалықты сүйенесіз және статистика мен «ішкі түйсік» арасындағы шекараны қалай анықтайсыз?
– Бүгінде жан-жақты жүргізілген талдаусыз жұмыс істеу мүмкін емес. Сараптама ойынды, қарсыласты және өз командаңды тереңірек түсінуге көмектеседі. Сөйте тұра заманауи үрдістер футболдың шынайы әсерін толық алмастырмауы тиіс. Технология дегеніміз – ол құрал ғана, ал соңғы шешімді әрбір бапкер өз тәжірибесіне сүйене отырып қабылдайды.
– Ал 10-15 жылдан кейін Тимур Кападзенің есімі өзбек футболында қалай еске алынғанын қалар едіңіз?
– Мен үшін жекелеген жеңістерден гөрі жүйенің қалғаны әлдеқайда маңызды. Ал ол қандай десеңіз, жас ойыншылар заманауи футболдың талаптарын түсінетін, ал бапкерлер ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, кәсіби тұрғыда жұмыс істей алатын жүйе деп айтар едім. Егер менің тәжірибем кейінгі буынның жылдам әрі сенімді қадам жасауына септігін тигізсе, онда міндетімді дұрыс атқардым деген сөз.