Ол Қазақстанда туыстары бар екенін де айтты.
Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресінен Өзбекстан құрамасында этникалық қазақ балуаны Ақтеңге Кеунімжаева қола жүлдегер атанды. 50 келіде сынға түскен қандасымыз Шри-Ланка балуанымен күресте басым түсті. Бішкектегі сары құрлық біріншілігінде олжа салған балуанмен 1bol.kz тілшісі арнайы сұхбаттасқан болатын.
- Азия чемпионатын сәтті бастағаныңызбен, жартылай финалда жеңіске сәл жетпей тоқтадыңыз... Дайындығыңыз кем болды ма?
- Азия чемпионатына жоғары дайындықпен келдік. Алайда жартылай финалда өзімнің қателігімнен жеңіліп қалған болатынмын. Дегенмен үшінші орын үшін белдесуде барымды салып, қола жүлдеге қол жеткіздім. Алда өтетін жазғы Азия ойындарына бұдан да жақсы дайындықпен барып, жеңімпаз болуға әрекет етемін.
- Биыл Бахрейнде өтетін әлем чемпионатына баруыңыз мүмкін бе?
- Әлем чемпионаты мен Азия ойындары өтетін уақыттың арасы тым жақын болғандықтан, әзірге тек құрлық жарысына баруды көздеп отырмыз. Ал әлем чемпионатына бару-бармауымызды бапкерлер штабы шеше жатар.
- Сізді қазақстандық күрес жанкүйерлері «Өзбекстандағы қазақ қызы» деп танып жатады…
- Қазақ еліне менің айтар үлкен алғысым бар. Үнемі олардың қолдауын, жанкүйерлік еткенін сезініп келемін. Әрдайым «бауырымыз» деп қолдап жатады. Иә, мен қазақ қызымын. Қазақстанда туыстарым бар. Одан бөлек, достарым да аз емес.
- Өзбекстан құрамасының сапына қай жылы қосылдыңыз?
- Әйелдер күресімен айналыса жүріп, 2018 жылы ұлттық құрамаға шақырылдым. 13 жасымнан бері осы спорт түрімен шұғылданып келемін.
- Жалпы, қыз баласы әдетте күш қолданылатын спорт түрлеріне беттей бермейді. Сізді күрес залына кім жетелеп әкелді?
- Күрестен бұрын спорттық гимнастикамен айналысқанмын. Алайда кейін күресті біржола таңдадым. Қалай келгенімді өзім де білмеймін. Жеңіске деген ынтам, табандылығымнан болар деп ойлаймын.