Жарнама
Жарнама

«Қарсылас ашық күреске кірмеді». Азамат Дәулетбеков Бішкектегі жеңілісінің себебін түсіндірді

11.04.2026, 22:54

Белдесу барысында тек алға жүріп, ашық күреске көп бармады.

ФОТО: Оlympic.kz

Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық балуан, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Азамат Дәулетбеков 92 келі салмақта бақ сынады. Жартылай финалда ирандық жас балуанға жол берген спортшы қола жүлде үшін күреседі. Белдесуден кейін ол өз ойымен бөлісті.

– Жеңілісіңіздің себебі неде деп ойлайсыз?
– Барымды салдым. Бірақ қолданған әдістерімнен нәтиже шықпады. Өзім жоспарлаған тәсілдерді орындауға тырыстым. Қазір нақты бір нәрсе айту қиын, себебі жеңілістің әсері әлі бар.

– Басқа қазақстандық балуандардың жеңілістері психологиялық тұрғыда әсер етпеді ме?
– Жоқ, ондай ойларға мән бермедім. Кілемге шыққанда тек өз күресіңе назар аударасың. Бізге үлкен жауапкершілік жүктелген, ел қарап отыр. Сондықтан бар ойым тек белдесуде болды.

– Азия чемпионатына дайындық қалай өтті?
– Дайындық жақсы өтті. Барлық оқу-жаттығу жиындары жоспар бойынша өтті. Бірақ соған қарамастан мұндай нәтиженің себебін түсіндіру қиын.

– Ирандық қарсыласыңызды қалай бағаладыңыз?
– Ол жас балуан. Белдесу барысында тек алға жүріп, ашық күреске көп бармады. Физикалық тұрғыда белсенді болды, сол жағынан қиындық туғызды.

– Алдағы уақытта қай салмақта күресесіз?
– 86 келі салмақ Олимпиада бағдарламасында бар, сондықтан сол салмаққа қайта түсемін. Бір айдан кейін Азия ойындарына іріктеу болады, сол жерде өз салмағымда күресемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Реклама
Реклама