Жарнама
Жарнама

40 елден 76 мың қонақ: мерейтойлық Comic Con Astana жаңа рекорд орнатты (ФОТО)

Редактор
Бүгін, 01:23

Comic Con Astana тарихында алғаш рет фестивальге бірден төрт халықаралық хэдлайнер қатысты

Comic Con Astana

Астанада кино, комикстер, аниме, бейнеойындар, киберспорт және заманауи поп-мәдениет әлемінің басын қосқан бесінші Comic Con Astana фестивалі өтті.

Мерейтойлық Comic Con Astana жаңа рекорд орнатып, төрт күн ішінде 40 елден келген 76 мыңнан астам қонақты жинады.

Фестивальге Ресей, Қытай, АҚШ, Канада, Бразилия, Мексика, Индонезия, Италия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Кипр, Таиланд, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова және басқа да елдерден қатысушылар мен қонақтар келді.

Comic Con Astana тарихында алғаш рет фестивальге бірден төрт халықаралық хэдлайнер қатысты. Олардың қатарында «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танылған Николай Костер-Вальдау, «Peaky Blinders» сериалында Артур Шелбиді сомдаған Пол Андерсон, сондай-ақ «One Piece» сериалының жұлдыздары Иньяки Годой мен Таз Скайлар болды.

Актерлер жанкүйерлерімен кездесіп, қолтаңба беріп, фотосессияларға қатысып, Қазақстаннан алған әсерлерімен бөлісті.

«Кез келген ел туралы алғашқы әсерді адамдар қалыптастырады. Қазақстанда мені өте жылы қарсы алды. Мұндағы адамдар ашық-жарқын әрі мейірімді. Маған Қазақстанның табиғаты түсірілген суреттерді де көрсетті. Қазақстан ғажайып жер екен. Енді оларды өз көзіммен көру үшін міндетті түрде қайта келуім керек. Әсіресе Маңғыстауды көргім келеді»,  – деді Николай Костер-Вальдау.

Актер Қазақстанға келу «эстафетасын» жазушы әрі сценарист, «A Song of Ice and Fire» романдар циклінің авторы Джордж Р.Р.Мартинге табыстауға уәде берді.

Фестивальге британдық актер Пол Андерсон да жоғары баға берді.

«Жасандылық танытып, бірдеңені ойнап көрсету шын өмірде менің қолымнан келмейді. Әдетте алған әсерімді ашық айтамын. Сондықтан шын көңіліммен айта аламын: бұл мен қатысқан Comic Con фестивальдерінің ішіндегі ең үздігі», – деді актер.

Netflix түсірген «One Piece» мангасының экранизациясында Монки Д.Луффиді сомдаған мексикалық актер Иньяки Годой жанкүйеркелерінің сұрақтарына жауап беріп, түсірілім барысындағы қызықты оқиғаларымен бөлісті.

Ол «One Piece» анимесінің 207 сериясында басталатын Лонг-Ринг-Лонг-Лэнд аркасына тоқталып, ол бөлімде адамдар киіз үйде тұратынын, ал көшпенді Тонджит есімді кейіпкерді жанкүйерлер «Асан» деп атап кеткенін айтты.  Телехикаяның кейбір эпизодтары Қазақстанда түсірілсе екен деген тілегін білідіріп «Мен мұнда қайта оралғым келеді және Қазақстанда түсірілімге қатысуды қатты қалар едім», – деді актер.

Халықаралық кино жұлдыздарымен қатар Comic Con Astana 2026 фестиваліне танымал блогерлер, контент авторлары мен әлемдік косплей индустриясының өкілдері де келеді. 

Олардың қатарында әлемге әйгілі Kamui Cosplay косплей-дуэті, кәсіби косплеер әрі ірі халықаралық косплей фестивальдерінің қазылар алқасының мүшесі Leon Chiro, Comic Con Astana 2025 байқауының Гран-при иегері Grafomanka және K-pop хореографы Jay Kim, Даня Крастер, Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye, Егор Шкред және Nowkie бар. 

 Илья, «Nowkie» есімімен танымал бейнеблогер, TikToker, стример және музыкант:

«Қазақстанға алғаш келуім, Астананың көздің жауын алатын ғимараттарын көріп, әдемілігіне тамсанып жүрміз. Қазақстандықтар да өте қарапайым, қонақжай, жылы адамдар екенін көріп жатырмыз. Мен өзім Белорусияның Минск қаласынан келдім. Біздің қаламызда Comic Con фестивалінің Uni Con деген кішігірім нұсқасы өтіп тұрады. Бала кезімнен сол шараға қатысып жүретінмін, сол кезде осындай жиындар менің жаныма жақын екенін түсінгенмін. Ал биыл алғаш рет үлкен деңгейдегі Comic Con фестиваліне келіп қуанышымда шек жоқ. Өте кереметфестиваль. Comic Con  мен үшін шынайы күлкі, бақыт және жаңа достар ортасы. Адамдарға қуаныш сыйлайтын осындай фестивальдің барына қуаныштымын».

 Лиана, «Это Лиана» атымен танымал лайфстайл-блогер, скетч актрисасы және стример:

«Мен Қазақстанға алғаш рет келдім. Бірден Comic Con сынды ауқымды шараның арнайы қонақтарының тізімінде болғаныма қуаныштымын. Маған өте ұнап жатыр. Әлеуметтік желідегі оқырмандарыммен кездесіп, пікір алмасып Comic Con фестивалінің әр күні есте қаларлықтай өтті. Астананың халқы да сондай  қонақжай, бізді өте жақсы күтіп жатыр. Мұнда күннің батуы ерекше екен, табиғаты да, тіпті ауасы да өзгеше».

Comic Con Astana баспасөз орталығының директоры Жамиля Хангельдина фестивальдің ұйымдастыру штабының жұмысына тоқталып:

«Фестивальдің осындай ауқымды бағдарламасының артында үлкен ұжымның еңбегі тұр. Ұйымдастыру штабының қызметкерлері мен павильондарды құруға, алаңдарды дайындауға қатысатын мамандардың өзі шамамен 500 адам. Ал мердігерлер мен басқа да мамандарды қосқанда, жоба мүшелерінің саны шамамен үш есе артады. Comic Con төрт күндік фестивальмен ғана шектелмейді. Оның артында айлар бойғы дайындық пен көптеген маманның еңбегі тұр. Біз жыл сайын дәл осы Қазақстанда халықаралық деңгейдегі іс-шара өткізуге және сонымен қатар авторларымызға, суретшілерге, косплеерлерге және креативті индустрияның өзге де өкілдеріне дамуға мүмкіндік беруге тырысамыз», – деді.

Comic Con Astana  фестивалі өкілінің айтуынша,  Орталық Азиядағы ең ірі іс-шаралардың біріне айналып үлгерген Comic Con Astana қазіргі уақытта отбасылық фестиваль деп айта аламыз. Себебі мұнда балаларға да, ата-аналарына да мазмұны жағынан қызық ойын-сауық, танымдық контент ұсынылады.

Сонымен қатар, Жамиля Хангельдина биылғы Comic Con кезінде жүрегін жылытқан оқиғалардың бірі ретінде, хэдлайнерлермен сұрақ-жауап бөлімінде болған оқиғамен бөлісті: «Еліміздің жас актерлары әлемдік деңгейдегі мамандарға өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, шынайы жауап алып жатқанын көргенде, біздің фестиваль қазақстандық өнерпаздарға осындай бір пайдасы тиіп жатқанына тағы да бір көзіміз жетті. Өйткені қаншалықты әлеуметтік желілер заманы қарыштап тұрғанымен, ол кісілермен тілдесу оңай емес. Ал Comic Con шарасында жас актерлер тікелей Николай Костер-Вальдау, Иньяки Годой сынды жұлдыздардан қалай HBO, Netflix, Warner Brothers сынды әлемдік деңгейдегі студиялардың кастингіне қатыса аламын, сіздер кино саласындағы жолдарыңызды қалай бастадыңыздар деп олардың тәжірибесін сұрап, ал ол кісілер ашығынан жауап беріп, кеңестерімен бөлісіп жатқанына біз қатты қуандық» – деді.

Comic Con Astana шарасы әрбір адамның шығармашылық қиялына қанат бітіріп, қазіргі поп-мәдениет жанкүйерлерін ғана емес, суретшілерді, дизайнерлерді, косплейерлерді, музыканттарды, би ұжымдарын және түрлі тақырыптағы жобалардың авторларын да біріктіреді.

Comic Con Astana фестивалінің басты міндеттерінің бірі – Қазақстандағы креативті қауымдастықты қолдау және кеңінен таныту. Фестиваль жас суретшілерге, косплеерлерге, иллюстраторларға, авторларға, әзірлеушілер мен цифрлық контент жасаушыларға өз жобаларын кең аудиторияға таныстырып, индустрия өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

2026 жылы осындай жобалардың бірі киберпанк эстетикасын, жасанды интеллект технологияларын және «Ұлы дала» мәдениетінің сарындарын тоғыстырған «Tengrida: Cyber Steppe» арт-фильмі болды.

Көрермендерге Тенгрида туралы үш минуттық AI-анимациялық эпизод алғаш рет көрсетілді.

Тенгрида – адамдарға ақиқатты көре білу қабілетін қайтарып, әділдікті қалпына келтіру үшін кибер-аренаға шығатын кейіпкер.

Фильмнің авторларының бірі, әрі Тенгрида кейіпкерін жасаған алматылық косплеер Аружан Жунусова (Aruvibez). Ол Тенгриданы алғаш рет дәл Comic Con Astana 2025 фестивалінде таныстырған. Көрермендердің қызығушылығына ие болған бұл кейіпкер кейін «Tengrida: Cyber Steppe» атты жеке авторлық әлемді дамытуға негіз болды. Жобаның келесі кезеңі – Astana AI Film Festival фестиваліне қатысу болып отыр.

«Бұл менің Тенгрида есімді авторлық кейіпкерім. 2025 жылы Comic Con Astana фестивалінде Тенгриданың образын алғаш рет таныстырып «Тірі аңыз» номинациясын жеңіп алған болатынмын. Отандастарымыздың Тенгриданы жылы қабылдауы маған үлкен қолдау болды. Сол жеңістен кейін көпшіліктің көзайымына айналған қазақтың ұлттық нақышы мен футуристік эстетиканы біріктірген бұл образ жеке шығармашылық жобаның негізіне айналды. Тенгриданың телекинез, телепатия сияқты күші бар. Найзағайдан қуат алады. Кейіпкердің мақсаты қарсыласын жеңу емес. Ол адамдардың шындықты қайта қабылдауына жол ашып, нағыз күш әділдікті қалпына келтіруде екенін көрсетуге ұмтылады. Жобаның негізгі идеясы «Ақиқат пен әділдік – егіз» деген тұжырым арқылы берілген», – деді Аружан Жунусова.

Тенгрида оқиғасы Comic Con Astana фестивалінің маңызды қырларының бірін көрсетеді. Себебі фестиваль дайын жобаларды таныстыратын алаң ғана емес, жаңа шығармашылық идеялар өз аудиториясын тауып, әрі қарай дамуға мүмкіндік алатын ортаға да айналып отыр.

Кәсіби косплей байқауы мен әуесқойлардың арасындағы өткен сайысқа арнайы қатысушыларды санамағанда, Comic Con Astana бірнеше жылдан бері шараға келетін қонақтар үшін де өздерін жаңа образдарда көрсетіп, қызығушылығы ортақ адамдармен жүздесетін орынға айналған.

Лаура, «Кітап көке» мемі:

«Мен Comic Con фестиваліне алғаш рет қатысып тұрмын. Арнайы «Кітап көке» образын жасадым. Бұл кітапты жасауға 2 күн уақытым кетті, жұмсаған қаражатым 1000 теңге шамасында. Менің косплейім көргендердің барлығына ұнап жатыр, арнайы келіп фотоға түсіп жатқан балалар да, жасөспірімдер де, үлкен кісілер де көп. Келесі жылы да осындай жеңіл, бірақ көпшіліктің көңілінен шығатын кейіпкер жасағым келеді».

Дмитрий, «Gachiakuta» мангасының кейіпкері «Тамзи Кайнес»:

« «Gachiakuta» мангасының аниме сериалы шыққанда хикая бірден танымалдылыққа ие болды. Содан достарым биылғы Comic Con фестиваліне манганың киіпкерлері болып киінуге ұсыныс жасады. Мен қуана келістім. Бұл косплейді жасап шығуға 150 мың теңгедей қаражат кетті. Мен Comic Con шарасына 2019 жылдан бастап қатысып келе жатырмын, араласатын ортам кеңейді, жақсы достар таптым деп айта аламын».

Амина, «My Little Pony» мультхикаясының «Селестия ханшайым» кейіпкері:

«Селестия ханшайым маған бала кезден өте қатты ұнайды, қазіргі кезде де сүйікті кейіпкерім. Сондықтан Comic Con  фестиваліне арнайы ханшайымның образын жинақтау үшін екі апта бұрын дайындықты бастадым. Сатып алғаным бар, өзім жасаған элементтерім бар барлығына шамамен 80 мың теңгедей қаражат жұмсадым. Косплей мен үшін қызығушылықтан басталып хоббиге айналған өз-өзімді танытудың әдемі көрінісі. Жылдан жылға косплейге қызығатын адамдардың саны артып келе жатқаны өте қуантады, себебі косплейшілер ең жылы жүзді адамдар деп айтар едім. Талайы достарыма айналып та үлгерді».

Comic Con Astana фестивалінің басты оқиғаларының бірі  – дәстүрлі түрде өтетін халықаралық косплей байқауы. Биыл сайысқа әлемнің 20-дан астам елінен келген қатысушылар өз қолдарымен жасаған фильмдер, сериалдар, бейнеойындар, комикстер мен аниме және басқа да танымал кейіпкерлерді сомдап, бас жүлделермен қатар арнайы номинациялар бойынша да бақ сынады.

Косплеерлер Бас сахнада өз кейіпкерлерін таныстырып, хореографиялық нөмірлер қойып, кейіпкерлері қолданатын қаруды меңгеру шеберлігін көрсетті, тіпті тұтас қойылымдар ұсынды.

Финалға 64 үміткер өтіп, қазылар алқасы 20 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Биыл косплей байқауындағы күрделі қол еңбегі мен технологиялық костюмдерден бастап, командалық қойылымдар мен авторлық кейіпкерлерге дейін жұмыстарды халықаралық қазылар алқасы, косплей индустриясының танымал өкілдері Kamui Cosplay, Leon Chiro, Эмилия Grafomanka, Zakos Snowman, Таис Туканова, Sazura және Анна Bricks бағалады.

Фестивальдің 4 500 000 теңге көлеміндегі Гран-приі мен «Comic Con Astana 2026 Арена чемпионы» атағын Baldur's Gate 3 ойынындағы Лаэзельдің «Объятия жнеца» (Reaper's Embrace armor) сауытындағы кейпін ұсынған ресейлік Frau_Haku иеленді.

Бірінші орын мен 2 300 000 теңге жүлдені ресейлік косплеер Horn жеңіп алды. Ол «Ведьмак 3: Дикая охота» ойынындағы эльф Эредин Бреакк Глас кейпінде өнер көрсетті.

Екінші орын мен 1 600 000 теңгелік жүлдені «Monster Hunter» видео ойынындағы Аңшы кейіпкерін сомдаған астаналық Gol.D.Moon иеленді.

Үшінші орын үшін берілген 1 200 000 теңгелік жүлдені Астананың «Мужицкий дождь» командасы алды. Олар Warhammer 40,000 әлеміндегі элиталық ғарыш десантшылары Адептус Астартес кейіпін сомдады.

Осылайша, алғашында елорда үшін жаңа формат болған Comic Con Astana 2026 жылы бесінші рет өткізіліп, мерейтойын атап өтті.

Мерейтойлық Comic Con Astana жаңа рекордтармен аяқталды. Дегенмен фестивальдің басты жетістіктерінің бірі онымен бірге жылдан-жылға өсіп келе жатқан қауымдастық. Бүгінде Comic Con заманауи мәдениет жанкүйерлерін, әлемдік жұлдыздарды және қазақстандық креаторлардың жаңа буынын бір ортаға біріктіреді. Олар үшін фестиваль өз жобаларын таныстыруға, кәсіби байланыс орнатуға және кең аудиторияға шығуға мүмкіндік беретін алаң болып отыр.

Фестиваль өткізілген бес жылда хедлайнерлер ретінде елімізге Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов арнайы шақыртумен келіп, қазақ халқының бай мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүрлерімен және қонақжайлығымен танысты. Сондай-ақ олар ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың музыкасы мен өнері туралы мағлұмат алып, қазақстандық жанкүйерлермен жүздесті. Мұндай кездесулер Comic Con Astana шарасын заманауи поп-мәдениет пен ұлттық құндылықтар тоғысатын халықаралық алаң ретінде танытуға мүмкіндік береді.

Comic Con Astana жылдар өте Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестиваліне, әрі Қазақстанның ең танымал мәдени брендтерінің біріне айналды.

Қала әкімдігінің жүйелі қолдауының арқасында фестиваль жыл сайын ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейде дамып келеді.

Бүгінде Comic Con Astana креативті индустрия мен оқиғалық туризмнің дамуына үлес қосып, елорданың халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға ықпал етуде. Фестиваль мәдени бастамалардың уақыт өте халықаралық маңызы бар ірі оқиғаға айнала алатынын көрсетуде.

Фото авторлары: Руслан Фетистов, Рамина Ашим, Жасұлан Жанабай

Реклама
Реклама