Иппонмен жеңілген Есмигуль Куюлованы жедел жәрдем ауруханаға алып кетті – бас бапкер

Редактор
21.05.2024, 20:35

Өзге дзюдошылар әлем чемпионатынан жүлде алады ма?

instagram.com/kaz_judoteam/

Дзюдодан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы БАӘ астанасы Абу-Дабиде өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысып жатыр. Әзірге қыздардан 48 келіде қола жүлдені Абиба Әбужақынова жеңіп алды. Басқа спортшылар үздік үштіктен көріне алар емес. 

Бүгін әйелдер құрамасынан 63 келіде Эсмигуль Куюлова күрескен. Бірақ 1/8 финалда польшалық Ангелина Циманскадан 47 секундта жеңіліп қалды. Жарыстан кейін әйелдер құрамасының бас бапкері Ермек Алпысовтың пікірін білген едік.

– Бірінші айналымды жақсы бастады, екінші кезеңде де жақсы күресті. Шығарып жіберіп, сосын қайта шақырып алып күрестірді. Үшінші айналымдағы қарсыласы өте мықты, үздіктер қатарында тұрған дзюдошы. Партерде ұтылып қалды. Өкінішке қарай, қолын ауыртқаны кедергі келтірді. Жарақаты күрделі деп уайымдап тұрмын. IJF-тің дәрігерлері жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Үміт күтіп едік, алысқа баратын шығар деп едік. Жағдай солай болды.

–  Әдісті қарсылас жасағанда қолын ауыртып алды ғой?

– Иә, айналып қашамын деп ауыртып алды.

–  Алдағы күндерден үміт қандай?

–  Ертең Екатерина Токарева шығады. Азия чемпионатында өзбекстандық Гульноза Матниезовадан ұтылып қалған. Бұл жолы оның артық-кем тұсын жақсы біледі. Сонан соң -78 келіде Аруна Жангелдина мен +78 келіде Камила Берліқаш күреседі. Бәрі жақсы болады деп үміттенеміз.

–  Жарыстардың арасы тым тығыз болып кетті деп жатыр…

–  Иә, Астанадағы Grand Slam-нен соң бір апта ғана өтті. Қыздар толықтай қалыпқа келіп үлгермеді. Ғалия Тынбаева да соның кесірінен өз деңгейінде күресе алмаған секілді.

– Әйелдер арасында бәсеке ең жоғары салмақ қайсы?

–  48 келіде Абиба мен Ғалия жақсы өнер көрсетіп жүр. 52 келіде барлығы жаңа қыздар. Олармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұйыртса, келесі Олимпиадада өздерін дәлелдейді деп ойлаймын. 57 келіде Қазақстанда қыздар әлсіздеу. Құрамадағы қыздарымыз жас, әлі жұмыс істеу керек. 63 келіде бәсеке жаман емес. 70 келіде де қыздар аз. Өкінішке қарай, ұлдар сияқты әр салмақта 7-8 спортшы деген жоқ. Ал ауыр салмақта күресіп жүрген бес қызымыз бар. Олар да Камиланың артынан еріп келе жатыр.