Дзюдодан әлем чемпионы, өзбекстандық М.Турабоевпен ашық сұхбат
Соңғы бірнеше жылда Өзбекстанда спорт саласы өте қарқынды дамып жатыр. Көршілеріміз тек бокста ғана емес, футболда, дзюдо мен күрес түрлерінде де ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге жетіп келеді. Елде аты әлемге әйгілі спорт саңлақтары пайда болды. Тиісінше, спорттық үйірмелер де балаға лық толы.
Сондай әйгілі спортшылардың бірі деп дзюдошы Музаффарбек Турабоевты айтуға болады. Ол – әлем чемпионы және жүлдегері, биыл Азия чемпионатында да топ жарды.
Абу-Дабиде өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатына Туробаев қатысып жатқан жоқ. Ол Олимпиада ойындарына дайындалуда. Десе де, өзбек балуаны өз командаластарын қолдау үшін БАӘ астанасына келіпті. Біз даңқты дзюдошымен сұхбаттасып, қазақ-өзбек дзюдосындағы айырмашылықты, Өзбекстанның Олимпиада ойындарына дайындығы мен әлеуетін сұрадық.
– Музаффарбек, Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар, неге осы әлем чемпионатына қатысып көрмедіңіз?
– Ұлттық құрама бапкерлері негізгі басымдықты Олимпиада ойындарына береміз деп шешкендіктен, Абу-Дабидегі әлем біріншілігіне қатысқан жоқпын. Құдай қаласа, Парижге тыңғылықты даярлықпен барып, Олимпиада чемпионы атануға тырысамын. Өзбекстан тарихын жаңғыртпақпын.
– Сәуірде Азия чемпионатында топ жардыңыз. Биыл қатысқан турнирлерге тоқталып өтсеңіз…
– Азия чемпионатының алдында Ташкентте өткен Гранд Слэмде жеңіске жеттім. Міне, осы жеңіс Азия біріншілігінде топ жаруыма қосымша күш-жігер берді. Жеңіс те, жеңіліс те Алладан. Алла Азия чемпионатында ұтуды бұйыртып тұр екен. Шүкір деймін.
– Өзбекстанда 100 келіде бәсеке қандай?
– Бізде бұл салмақта бәсеке жоғары. Өзім де жаспын, небәрі 24-темін. Жуық арада 100 келіде менен бөлек өзбекстандық дзюдошыларды да әлемдік жарыстарда көресіздер.
– Сіздің бойыңыз өзге қарсыластарыңызға қарағанда әлдеқайда ұзын. Бұл сіздің басты артықшылығыңыз ба?
– Әрине, дзюдода бойшаң болғаның өте жақсы. Оның артықшылығы көп. Алла бойымды ұзын қылып жаратқан екен, соның арқасында жекпе-жектерімді жеңіл өткіземін. Сол күштен айырмаса екен деп тілеймін.
– Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы нәтижесі жайлы айта кетсеңіз...
– Әзірге құрамамыз бір күміс медаль алды. Әлгінде айтқанымдай, бапкерлер бар күшті Париж олимпиадасына жұмсау туралы шешім қабылдады. Сондықтан, мұнда бірінші нөмірлердің біразы келген жоқ. Қандай медаль болса да, Құдайдың бергені дейміз. Сөйте тұра әрбір жарысқа тыңғылықты даярланамыз.
– Сонда сіз тек қолдау көрсетуге келдіңіз бе?
– Тек қолдау білдіремін деп келдім, аз да болса көмегім тисе, соған қуанам.
Негізі трибунада отырып жанкүйерлік танытқаннан гөрі татамиге өзің шыққаның әлдеқайда жеңіл, өйткені ұтсаң – ұттың, ұтпасаң – кетесің, болды. Уайым болмайды.
– Сіздің салмақтағы балуандардың да шама-шарқын бағамдап кететін шығарсыз?
– Қараймыз. Бірақ мен қарсыластарымның барлығын білемін, әрқайсысына жеке-жеке дайындалам, Олимпиадада осал адам болмайды ғой. Әлішер Юсуповқа да жанкүйерлер танытамын.
– Өзбекстанның нәтижелері өсіп келеді. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Біз бір отбасы секілдіміз, ең алдымен күшіміз – ауызбіршілікте. Бір жан, бір тән болып күресеміз.
– Әлем чемпионатына Өзбекстанның ҰОК президенті келген, федерация басшысы да жүр. Мұның да көмегі тиетін шығар?
– Әрине, ол кісілердің қолдауы спортшыларға күш береді.
– 60 келіде Дильшодбек Баратов жеңіліп қалды. Оған не жетпеді деп ойлайсыз?
– Сәттілік жетпеді, Алланың жазғаны осы болып тұр ғой.
– Илиас Илиадис Өзбекстанға көмектесіп жүр. Ол кісі не өзгертті?
– Ол кісі келгелі ауызбіршілік артты. Бапкерлер мен дәрігерлерді де бірігіп жұмыс істеуге үйретті. Соның арқасында құрамамыз мықты құрамаға айналды деп ойлаймын.
– Олимпиадаға даярлығыңыз қалай?
– Олимпиадада тарих жаңаруы керек. Өзбекстанда Олимпиада чемпионы жоқ, біз соны өзгерткіміз келеді.
– Қазақстан мен Өзбекстанды спортта жиі салыстырады.
– Негізі көбісі екі ел арасында бәсеке жоғары, бір-бірін көре алмайды деп ойлайды, шын мәнінде біз бәріміз бір-бірімізді сыйлаймыз, құрметпен қараймыз. Қазақстандық спортшыларға деген құрметім ерекше, бәрі ақкөңіл, ашық.
Біз татамиде ғана қарсыласпыз, өмірде адамгершілік маңыздырақ, жеңіске жету, жеңілу – Алладан. Бәріміз адамбыз, мұсылманбыз, мұсылман адамдарда бір-біріне наразылық болмайды. Құдай қаласа, бір-бірімізден тек мықты қасиеттерімізді үйреніп, халықаралық ареналарда биік жетістіктерге жетеміз, Қазақстан мен Өзбекстан туын аспанға көтереміз деп үміттенемін.
Сұхбаттасқан Мадина Асылбек