«Менікі ешқандай би емес». Демеу Жадыраев желіні жарған биі туралы айтты

Редактор
13.08.2024, 21:45

Демеу Жадыраев Астанаға Президент марапатын алуға келді

Видеодан кадр

Грек-рим күресінен Париж олимпиадасының күміс медаль иегері Демеу Жадыраев Астанаға ат басын бұрды. Елорда жұрты ел намысы үшін күрескен балуанды қарсы алып, естелік суретке түсіп, алғысын айтты. Осы орайда біз де әуежайға барып, спортшымен тілдесіп қайттық.

- Демеу, құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко сізге карьерасын аяқтап, бапкерлікке ауысуға кеңес беріпті. Өзіңіздің алдағы жоспарыңыз қандай?  

- Оны алдағы уақыт көрсетеді. Қазір нақты ештеңе айта алмаймын.

- Егер финал бірінші күн аяқталғанда чемпиондық сізде болар ма еді? Өйткені екінші күні барлық эмоция кетіп қалды деп жатыр....

- Иә, солай сияқты. 

- Сізден басқа балуандар жүлде алмауына не жетпеді деп ойлайсыз?

- Ол жерде бәрінің бағы жанбады деп ойлаймын. Әйтпесе, барлығының бабы келісіп тұрған. Барынша дайындалып барған. Жоғары нәтиже көрсетуге толық мүмкіндіктері бар еді. Бір жағы өздеріне деген сенімсіздік, содан кейін бағы жанбай қалды деп ойлаймын.

- Әлеуметтік желіде сіздің биіңіз қызу талқыға түсті. Спортшы болмағанда биші болады екен десті…

- Жоқ, мен жақсы билей алмаймын. Өзім де осыны айтқым келіп жүр еді. Ол ешқандай да би емес. Мен ол жерде ағайымның жаттығуын жасадым. Жүгірудің орнына сол жаттығуды пайдаланамыз. Орнында тұрып жүгіру десе де болады. Сол себепті ол ешқандай би емес. 

- Лос-Анджелесте өтетін келесі олимпиадаға қатысу жоспарыңызда бар ма?

- Оның барлығы алдағы уақыттың еншісінде. Қазіргі таңда халықтың қошеметіне бөленіп, соны сезіну. Одан өзге ешнәрсе ойлап жүрген жоқпын. 

- Қырғыз балуаны Ақжол екеуіңіздің бірге суретке түсіп, көп жағдайда аға-бауыр ретінде сыйласқандарыңыз көпшілікті сүйсінтті. Ақжолмен бұрыннан да жақсы қарым-қатынастасыз ба?

- Бұрыннан бір-бірімізді көрген кезде жылы амандасып, жақсы байланыс орнаттық. Ақжол Париж олимпиадасында 77 келі салмақтағы басты фаворит еді. Соңғы әлем чемпионатының жеңімпазы еді. Жеңетініме сенімді болдым. Бозкілемге жеңілу үшін шықпайсың ғой. Қолдан келгеннің бәрін жасайсың. Жеңу үшін барыңды салып, әрекет етесің. Сол белдесуден кейін байланысымыз одан сайын күшейді. Бір-бірімізге тілекші болдық. 

- Финалдағы белдесуден кейін ҰОК басшысы Геннадий Головкин жаныңызға келіп не туралы айтты?

- Артыма қарасам Гена ағамыз тұр екен. Мені қолдады, демеді. Ештеңе жоқ, бәрі дұрыс деп алғысын айтты. Ел қоржынына күміс алқа салғаның үшін, белдесулерде жақсы күрестің деп өзінің ақылын айтып, мені жігерлендірді. 

- Қандай сезімде жүрсіз? Елге келгеннен кейінгі эмоцияңызбен бөліссеңіз...

- Қазір түсінбей тұрмын. Аузыма түспей тұр. Таңғалып тұрмын.