Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама
222 000 тг

Лицензия №23019645 от 06.09.2023

200 000 тг

Лицензия №22020324 от 02.11.2022

2 500 000 тг

Лицензия №21031283 от 08.11.2021

Жарнама
Жарнама

Қызым аман-есен оралса екен деп отырамын – әлем чемпионы Элина Базарованың анасы

24.03.2025, 09:28

Ол Элинаның 2028 жылы Олимпиада ойындарында топ жаратынына сенімді

instagram.com/bazarova_elina/

Боксшы Элина Базарованы көпшілік болашағынан зор үміт күттеретін спортшы ғана емес, құрамадағы ең сұлу бойжеткендердің бірі деп те біледі. Жанкүйерлер көзіне Элина 2022 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанғанда түсті. Сол кезден-ақ оның сымбатына тамсанғандар көп. Бір қызығы, Элинаның сіңлісі Сая да бокспен шұғылданған, кейіннен кикбоксингке бет бұрған. Бір үйден екі бірдей қыздың жекпе-жек түрлеріне бет бұруы жиі кездесе бермейді. Сондықтан бұрымдылардың анасы Айнұр Сеңгірбаевадан қыздарының таңдауы туралы сұрап білдік. 

– Айнұр ханым, көпшілік біле бермеуі мүмкін, бірақ сіз екі бірдей спортшы қыздың анасысыз. Қыздарыңыз жай ғана спорт емес, кәдімгі күш қолданылатын спорт түрлерімен шұғылданады. Балаларыңыздың мұндай спортқа әуестігі қалай басталды?

– Алла берген төрт қызым бар. Екеуі – өнер саласында, ал екеуі – спортта. Қыздарымның спортқа келуі қызықты оқиға. Үшінші сыныпта оқып жүргенде, Элина бұзықтау, ер мінезді қыз болып өсті. Оның мінезін байқап, әкесі: «мүмкін, бокспен айналысып көрер?» деп ой тастады. Алғашында қарсылық таныттым, қыз баланың ауыр спортпен шұғылданғанын қаламадым. Бірақ әкесі: «Элинадан жақсы спортшы шығады» деп көндірді. Осылайша, ол бокс мектебіне барды. Кейін сіңлісі Сая да әпкесіне еліктеп боксты таңдады. Екеуі бір-бірін қолдап, жетістікке бірге жетіп келеді. Элина алғаш рет Қазақстан чемпионатына қатысып, жеңімпаз атанғанда, оның спорттағы үлкен жолы басталды.

– Элинаның бапкері болған Нұрбота Сейітбектің айтуынша, қызыңыз 13 жасынан бері үйден жырақта жүріп дайындалады. Ана ретінде сізге бұл қаншалықты қиын болды?

– Спорт – үлкен жауапкершілік. Жарыстар мен жаттығуларға байланысты айлап үйге келмейтін кездері де болды. Біз үнемі телефон арқылы хабарласып, хал-жағдайын біліп отырамыз. Ұйықтар алдында да, күндіз де оның тілеуін тілейміз. Бокс – ауыр спорт, сондықтан денсаулығына алаңдаймыз.

– 2022 жылы Элина жастар арасында әлем чемпионы атанды. Бұл жеңістен кейін оған деген назар арта түсті. Қызыңыз мұны қалай қабылдады?

– Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен әлем чемпионатында Элина жеңіске жеткенде, бүкіл Қазақстан қуанды деп ойлаймын. Қазақтың көк туы шетелде желбіреді. Бұл – үлкен жетістік. Ағайын-туыстың бәрі жиналды. Үйде үлкен той жасап, қызымызды ерекше қарсы алдық. Мұндай жеңістер оған одан әрі мотивация береді.

– Жеңіс – қуаныш, ал жеңіліс – ауыр соққы. Сын айтатындар да табылады. Элина мұнымен қалай күреседі?

– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бірақ жанкүйерлер Элинаны әрдайым қолдайды, өйткені ол барын салып, әдемі бокс көрсетеді. Әйелдер құрамасына қосылғанына екі-ақ жыл болса да, үлкен жетістіктерге жетіп үлгерді. Дегенмен, жеңілістен кейін көңіл-күйі түскені байқалады. Ондай сәттерде біз оған жылы сөз айтып, қолдау көрсетеміз.

– Қыздарыңызды үйде кім көбірек еркелетеді: сіз бе, әлде әкесі ме?

– Екеуміз де еркелетеміз. Қазақта «қыз – үйдің гүлі» дейді ғой. Қызын төріне шығарып сыйлаған халықпыз. Біз үшін әрқайсысының орны ерекше.

– Қыздарыңыз бірінен бірі өткен сұлу, оларға көңіл білдіретін жігіттер де аз емес шығар. Бұл туралы сізбен сырласа ма?

– Қазақтың барлық қызы сұлу. Бір қызым тұрмыс құрды, екі немерем бар, шүкір. Бой жеткен соң құда түсетіндер де жоқ емес. Егер өздері ұнатып жатса, біз қарсылық білдірмейміз.

– Элина Сербиядағы әлем чемпионатына қатыса алмады. Мұндай жағдайды қалай қабылдады?

– Қазақстан чемпионатында Элина екінші орын алды, ал бірінші орын алған Жайна Шекербекова әлем чемпионатына жолдама алды. Қызымыз бұл жағдайды сабырмен қабылдап, әпкесіне сәттілік тіледі. Алда әлі талай жарыстар бар, Элина өз мықтылығын дәлелдейді деп сенемін.

– Элинаның Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі туралы не ойлайсыз?

– Әр спортшының арманы – Олимпиада. Алла қаласа, бұл арманға да жетер күн алыс емес. Біз оған сенеміз.

– Спорт тәртіп пен қажырлы еңбекті талап етеді. Шаршауы мүмкін, жалығуы мүмкін. Сондайда спортты тастаймын деген кездері болды ма және ондай сәтте сіз оларға қалай қолдау көрсеттіңіз?

– Әрине, спорт – жеңіл жол емес. Күнделікті екі мезгіл жаттығу, тамақтану тәртібі, демалыстың шектеулі болуы – мұның бәрі тәртіпке бағынуды қажет етеді. Бірақ «еңбек – бәрін жеңбек» демекші, Элина осыны жақсы түсінеді. Бәріне жауапкершілікпен қарайды. 

– Жас спортшылардың ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз?

– Егер балаңыздың спортқа қызығушылығын байқасаңыз, оның болмысына сай келетін спорт түрін таңдаңыз. Әсіресе боксқа тым ерте берудің қажеті жоқ. Қай спорт болсын, тәртіп пен жанқиярлықты талап етеді.

– Спортшының анасы болу қаншалықты қиын?

– Әрбір жарысын уайымдап, Алладан үйге аман-есен, он екі мүшесі сау, жеңіспен оралуын тілеп отырамын. Ауыр спорт түрі болған соң денсаулығына алаңдайсың. Оның бәрі анаға уайым.

– Баласының алғашқы жанкүйері анасы ғой. Бірақ көп ананың баласының жарыстарын залда отырып көруге жүрегі шыдамайды. Сіз жарыстарына баратын ба едіңіз?

– Жоқ, жүрегім шыдамайды. Әкесі мен әпкелері көреді, өздері бағасын беріп отырады. Элина да біздің залда болғанымызды қаламайды.

– Маңызды жарыстар алдында қызыңызды қалай қолдайсыз?

– Өзің уайымдасаң да, ол уайымыңды балаға көрсетпеуің керек. Жарыстарына бармасам да, әрқашан телефон арқылы қолдап, демеп, жылы сөздерімізді айтып отырамыз. «Сен жеңесің, мықтысың, шаршы алаңда мықтылығыңды көрсет» деп отырамыз. Елена біздің жарысқа артынан барғанымызды қаламайды. Тек телефон арқылы қолдау көрсетіп отырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Жарнама
Жарнама