Қазақстан құрамасының бапкер-кеңесшісі қашан жоғары нәтиже болатынын айтты
Дзюдодан Қазақстан құрамасында бапкер-кеңесші болып жұмыс істейтін Роберт Мшвидобадзе команда мүшелерінің даярлығы жайлы айтып, жұмысының нәтижесі қашан көрінетінін алға тартты.
– Сіздің әдістемеңіз несімен ерекшеленеді?
– Біздің жүйе бөлек, бұл жүйенің жұмыс істеп жатқанына 15 жыл болды. Біздің басты маманымыз Ресейдің ұлттық құрамасын баптады. Биылғы қаңтарда физикалық даярлық жасауға кірістік. Дзюдошыларға 100 пайыздық жүктеме түсе бастады, олар бұған дайын емес еді. Қазір олар жалпы физикалық даярлық жасап жатыр. Бір жылдан соң өте командамыз өте мықты болады деп ойлаймын.
– Алда Азия чемпионаты, Гранд Слэм, сонан соң әлем чемпионаты күтіп тұр. Бұл жарыстарға дзюдошыларды қалай іріктейсіздер?
– Біздің командада көшбасшылар бар және олар Азия чемпионатына қатыспайды. Себебі біз оларды бабына келтіріп үлгермейміз. Ешкім бір жылға жетпейтін уақытта спортшыны даярлап үлгермейді. Ал біздің мақсат – әлем чемпионатында табысты өнер көрсету. Құрамамызда жастар көп, сондықтан Азия біріншілігінде жастардың әуселесін байқап көргіміз келеді.
– Яғни Азия біріншілігіне қатысқан дзюдошылар әлем чемпионатына қатыспай ма?
– Мұны әзірге айту қиын, оны ешкім білмейді. Мұның бәрі спортшылардың даярлығына байланысты.
– Қазақстандық дзюдошылардың жарыстарда жіберетін қателіктері туралы айта кетсеңіз.
– Қазақстандық дзюдошыларда тактикалық қателіктер көп. Біз қазір сонымен де жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы физикалық даярлыққа да басымдық бердік. Себебі спортшылардың күшін қолдану жағынан мәселелер бар. Олар бұрын-соңды болмаған физикалық даярлық жасап жатыр. Оларға қиын екенін түсінеміз, өздеріне де оңай болмайтынын айтқанбыз. Меніңше, тағы 4-5 айда олар бабына еніп, әлі-ақ өздерін көрсетеді.
Өз басым тағы екі жылдан соң әлемдегі ең мықты командалардың біріне айналамыз деп сенемін. Дзюдо әлеміндегілер біздің әдістемені жақсы біледі және оның нәтижесінен де хабардар.
– Әлемде бәрі өзгеріп жатыр. Сіздің 15 жылдық әдістемеңіз ескіріп кеткен жоқ па?
– Біз де өзгерістер енгізіп отырамыз. Физикалық тұрғыдан да, техникалық тұрғыдан да толықтырулар енгізіп отырамыз. Жалпы дене даярлығында да дәл солай. Себебі мұның бәрі маңызды, бәрін қатар дамыту керек. Спортшының миы да жұмыс істеуі керек.
– Қай дзюдошылардың күресін бөліп-жарып айтар едіңіз?
– Бәрінің күресі ұнайды, бәріне сенемін. Айтқанымыз дұрыс орындалмай жатса, ұрысатын кездерім болады. Бірақ біздің жігіттер мен қыздар жаттығуға өте жауапты қарайды. Бар-жоғы үш жарыс өтті, олардың нәтижелеріне қарап қана баға беру дұрыс емес. Олар қатаюы үшін, өздерінің күшін сезінуі үшін кемінде 7-8 ай қажет.
– Елдос Сметовтен бөлек үздік үштікті атап өтсеңіз.
– 90 келіде өнер көрсететін Мейірлан Максимнің күресі өте ұнайды. 100 келідегі Нұрлыхан Шархан өте жақсы балуан. 60 келідегі Мағжан Шамшадиннің өнері де көңілден шығады. Сосын 81 келідегі Абылайхан Жұбаназар бар. Қыздардан Абиба Әбужақынова Қазақстанның ғана емес, әлемдік рейтингтің көшбасшысы.