Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама
222 000 тг

Лицензия №23019645 от 06.09.2023

200 000 тг

Лицензия №22020324 от 02.11.2022

2 500 000 тг

Лицензия №21031283 от 08.11.2021

Жарнама
Жарнама

Өзбектер үшін қуанамыз. Сәтпаевты «Челси» жалға береді. Футбол легионерсіз қалмайды – Болат Есмағамбетов

14.05.2025, 09:24

Футбол маманы қазақ футболындағы проблемалардың басын ашып айтты

Sports.kz

Наурыз айы футбол оқиғаларына толы болды. Ел біріншілігінің түндігі түрілді, одан қалды ұлттық құрамалар әлем чемпионатына іріктеудегі қадамын бастады. Көрші Өзбекстан құрамасының мундиальға қатысу мүмкіндігі жоғары. Ал Әли Әлиев бастаған ұжым екі ойынның бірінде жеңіліп, бірінде жеңіске жетті. Осы орайда футбол маманы Болат Есмағамбетовпен жаңа маусымның көшбасшылары, құрама ойыншыларының әлеуеті мен өзбек футболының дамуы жайлы әңгімелестік. 

– Болат Жолдасұлы, бірер ай бұрын ел чемпионаты басталды. Командалардың ұжымымен аз-маз таныстық. Клубтардың биылғы маусымдағы әлеуетіне қатысты сіздің пікіріңізді білсек.

– Біріншілік енді басталғанымен, қазірдің өзінде көшбасшылар анықталды деп ойлаймын. Өз басым «Астана» мен «Қайратты» чемпиондықтан басты үміткер санаймын. Бұлардың бапкерлері ауысқан жоқ, ұжымда тұрақтылық бар. 

Өзге клубтарға келетін болсақ, «Ордабасының» жағдайын көріп отырсыздар. Былтыр ұжымға молдовалық маман бас бапкер болып тағайындалды. Дегенмен, команданың көрсеткіштері төмен, тіпті жарытып гол соға алмай жатыр. 

«Тобылда» Нұрбол Жұмасқалиев жұмыс істер жатыр. Өткенде «Елімаймен» жақсы ойын өрнегін көрсеткенімен, соңғы минутта қақпасына гол жіберіп алды. Бірақ чемпиондыққа басты үміткерлер – «Қайрат» пен «Астана». Сонан соң «Тобыл» мен «Елімай» үздік үштікке таласады. Бесінші орын кімге бұйыратынын білмеймін, бірақ «Ордабасыға» еместігі анық. 

– «Ордабасы» демекші, 2023 жылы чемпиондыққа иелік еткен клубтың жағдайы неге төмендеп кетті деп ойлайсыз? Өткенде Шымкент әкімі бұған Асхат Тағыберген секілді футболшыларды айыптағандай болды.  

– Мұндай айыптаулар футболда болады. Ол әдейі айтылды ғой, әйтпесе бұл құпия ақпарат. Меніңше, ол сөздерді әкімге клуб президенті немесе бас бапкер айтқызған болса керек. «20 миллион теңге алады, ойнамайды» деп жатыр. Мүмкін бас бапкер немесе тізгінде отырғандар Тағыбергеннен құтылғысы келген шығар. Өйткені қызғаныш деген бар. Өзім де он екі жыл бапкер болдым. Кейде бас бапкерге немесе президентке қарағанда футболшының абыройы көп болып кетеді, ал ол басшылыққа ұнамайтыны сөзсіз. Әрине, Асхат та жас емес, бұрынғыдай жылдамдық жоқ. Бірақ өткенде ұлттық құрама сапында гол салды. Әрі қарай да өзін көрсетуі керек. 

Бұл жерде екі тарап келісуі керек еді деп ойлаймын. Басшылық футболшының өзімен сөйлесіп, жарияға жар салмай, келісімшартты өзара бұзғаны жөн болар еді. Әйтпесе қаншама артық сөз айтылды, бәріміз талқыладық. 

– Бұдан былай легионерлерге бюджеттен қаражат бөлінбейді. Тиісті заң жақын арада қабылданады. Шетелден ойыншылар алғысы келетіндер сырттан инвестор табуы қажет. Бұл клуб басшылығының қолынан келе ме?  

– Заң қабылданған соң шетелдік ойыншыларға талап күшейетін шығар деп ойлаймын. Ойыншылар ғана емес, шетелдік бапкерлерге де бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бұдан былай басымдық балалар мен жасөспірімдер спортына бөлінеді деген жоспар бар, солай болуы да керек. Бізге ең алдымен инфрақұрылым, стадиондар мен дұрыс залдар қажет. Бірақ клубтар легионерсіз қалады дегенге сенбеймін. Әкімдер жергілікті кәсіпкерлерге тапсырма беретін шығар. «Мына клубқа осынша қаражат салсаң, онда мына тендерді аласың» дегендей шарттармен-ақ мәселені шеше алады. Кеңес заманында футболшыларды зауытқа тіркеп қоятын. Кәдімгідей разряд беріп қояды, айлығыңды алып отырасың. Сол жүйені алдағы уақытта да қолданатынына күмәнім жоқ. Сондықтан клубтар легионерсіз қалмасы анық. 

Бір жағынан, көбісі футболға ақша бөлмеу керек деп ойлайды, бірақ ол қате. Үкімет футболға ақша салуы қажет, бірақ ол қаражат инфрақұрылымға, балалар спортын дамытуға жұмсалуы керек. Әйтпесе бізде таланттар өте көп, бірақ бұрыс жүйенің кесірінен сол таланттардың бағын аша алмай отырмыз. Көрші Өзбекстанды қараңызшы, тыңғылықты жұмыстың арқасында ертең әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. Ал біз «олар қалай өтіп кетті» деп басымызды ұстап отырамыз. Қырғызстанда футбол қалай дамып жатыр?! Инфрақұрылым, академиялар салынып жатыр. Олар да ертең соның жемісін көреді. Ал біз бір орында тұрмыз. 

– Өзбекстан деп айтып қалдыңыз. Олар қай сәтте алға жылжып кетті? 

– Қателеспесем, 5-7 жыл бұрын Өзбекстанда футбол туралы заң шықты. Жергілікті әкімдерге стадиондарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жаңасын салуға тапсырма берілді. Ал президенттің тапсырмасын қай әкім болсын орындайды. Олар өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлерге айтады. Бәрі өз орнын сақтап қалғысы келетіні анық. Есесіне футбол алаңдары пайда болады, көп ұзамай мықты футболшылар шығады. Хусанов, Шомурадовтар осы жұмыстардың нәтижесі. 

Ал біз бір Дастан Сәтпаевпен мақтанып жүрміз. Шыны керек, Дастан «Челси» сапына әлі қосылған жоқ, әрі қарай не боларын білмейміз де. «Челсидің» өз академиясы бар, 27 алаңы, қаншама бапкері бар. Шынымен қазір қажет десе, олар Дастанды сол академиясына алдыртатын еді. Ол жақта әлемнің түкпір-түкпірінен балалар ойнайды. Бірақ біздің баланың әлеуетін байқады, сол үшін де келісімшарт жасап қойды. 

– Сәтпаевтың «ақсүйектер» сапында ойнау мүмкіндігі қандай деп ойлайсыз?

– Келісімшарттың жасалуы бәрімізге үміт сыйлады. «Челсидің» мықты түлектері өте көп, соның қаншасы Англия премьер-лигасында ойнап жүр. Еуропаның басқа біріншіліктерінде доп теуіп жүргендер де аз емес. Оларда агенттермен жұмыс жолға қойылған. Сондықтан Дастан да сол жүйеде жүрсе, міндетті түрде өседі деп ойлаймын. «Челси» оған бір команда тауып береді. Қосалқы құрамда отырғызбай, алаңда ойнататын, өзінің оң жанбасына дөп келетін ұжымға жалға береді. Егер ол жақтағы өнері көңілінен шығып жатса, қайта сапына қосады. 

– Өзбекстанның әлем чемпионатына шығу мүмкіндігі қандай деп ойлайсыз? Егер шығып жатса, қалай өнер көрсетуі мүмкін?

– Шықсыншы! Ал қалай өнер көрсететіні кейінгі мәселе. Әлем біріншілігіне қатысса, соның өзі үлкен тарихи оқиға. Бүкіл Орталық Азия болып тілеуін тілеп отырмыз ғой. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан – осылардың қайсысы бірінші болып қатысады екен деп жүрдік. Қазір көрші өзбек футболшылары бір табан жақын тұр. Егер әлем чемпионатына іріктелсе, ол үлкен мақтаныш. Әлемнің ең үздік ұжымдарымен бір алаңда ойнайды. Біз сол кезде әрі қызығып, әрі қызғанып отырамыз. Өзара қызғаныш бары жасырын емес. Егер біз шығып жатсақ, оларда да сондай сезім болады. Дегенмен, бауырлас әрі көрші халықтармыз ғой. Сондықтан қолдаймыз, жанкүйер боламыз. 

Өзім Өзбекстан әлем чемпионатына қатысса екен деп тілеп жүрмін. Сонда бізде де алға жылжу болар ма еді. Жұмыс жүйеленіп, берілген тапсырмалар лайықты деңгейде орындалар ма еді деген үміт бар. 

– Қазақстан құрамасы Әли Әлиевтің жетекшілігімен екі ойын өткізді. Уэльстен жеңіліп, Лихтенштейннен үш ұпаймен оралдық. Жаңа бапкер мен құраманың өнеріне қандай баға бересіз?

– Өз басым құрамда айтарлықтай өзгеріс көрген жоқпын. Уэльстен ұтылатынымыз бесенеден белгілі еді, тең ойнасақ деген тілек болған, бірақ ұта алмайтынымыз анық еді. Себебі бұл құраманың ойыншыларының басым бөлігі Англия біріншілігінде өнер көрсетеді. Одан бөлек мықты чемпионаттарда бақ сынап, әбден шыңдалған жігіттер. Өздеріңіз көргендей, екінші таймда футболшыларымызды тіпті басып тастады. 

Ал екінші кездесу Лихтенштейнмен өткені бәрімізге жақсы болды. Бельгия немесе Солтүстік Македония сияқты құрамалардың бірімен жолыққанда, нәтижесі психологиялық тұрғыда ауыр соғушы еді. Лихтенштейнде өзінің чемпионаты да жоқ, ұпай таратушы команда деп атайды. Олардың ойыншылары жартылай кәсіпқой, оны бапкері де мойындап отыр. Көбісі басқа салаларда қызмет етеді, арасында Швейцарияда ойнайтындары бар. Сондықтан оларды ұтпағанда, кімді ұтамыз?! УЕФА-ның басты аутсайдері. Әйтпесе қазір Сан-Марино, Люксембург құрамалары күшейіп алған. Сол себепті бұл жеңіс біздің футболшыларды да, жанкүйерлерді де бір қуантып қойды. 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында футбол клубтарына жеке инвесторларды тарту керек деген тапсырма берді. Біздің елде футбол клубтарына қаржы құюға дайын қалталы азаматтар табылар ма екен және бұл оларға керек пе, қалай ойлайсыз?

– Бізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік деген ұғым бар. Яғни мемлекет пен кәсіпкер бірлесіп жұмыс істейді. Негізі сол арқылы тәп-тәуір шаруа атқаруға болады. Өзім қазір «Жас қыран» клубының спорттық директорымын. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында үкіметтен жер алып, стадионды қалпына келтірдік, мемлекет аз-маз ақша берді. Яғни инфрақұрылымдарды солай бірлесіп салуға болады. Жеке инвесторлар да келіп жатыр, жаман емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Жарнама
Жарнама