Даңқты гимнаст Лос-Анджелеске бара ма, әлде мансабын аяқтай ма?
Қазақстанда спорттық гимнастика саласы кенже дамыған демесек те, жанкүйерлері аз, мемлекет тарапынан да аса елене бермейтін сала еді. Десе де, Париж Олимпиадасындағы Нариман Курбановтың жетістігі – спорттың бұл түріне деген қызығушылықты күрт арттырды. Жер-жерде жұрт баласын жетектеп гимнастика залдарына әкеле бастады. Саладағы қордаланған мәселелер де біртіндеп шешімін тауып келеді.
Спорттық гимнастикада Нариман Курбанов пен Милад Каримиден өзге болашағынан үміт күттіретін атлеттер бар ма? Аталған спорт түрі қарапайым балалар үшін қаншалықты қолжетімді? Осы және өзге сұрақтардың жауабын Нариманның өзінен сұрап білдік.
Айта кетейік, Нариман Курбанов Париж Олимпиадасынан кейін жарты жыл демалып, спортқа қайта оралған. Келе салысымен гимнаст Антальяда өткен Әлем кубогі кезеңінде чемпион болды. Сондай-ақ, Хорватия мен Катарда өткен әлем кубогы кезеңдерінде екі мәрте қола жүлде еншіледі.
– Нариман, ең алдымен сізді Әлем кубогінде алған жүлдеңізбен құттықтаймын!
Спорттық гимнастикадан соңғы бірер жылдан бергі жарыстардың бәрінде тек Нариман Курбанов пен Милад Каримидің есімі ғана аталады. Қазақстанда сіздерден басқа гимнаст жоқ па деп жанкүйерлер әзілдеп те жүр. Бірақ, бұл әзілдің артында шындық тұрған сияқты… Елімізде спорттық гимнастикамен айналысатындар саны неге аз? Ата-аналар үшін қымбат па, әлде балалар қиындыққа шыдамай кетіп қалып жата ма?
– Негізі елімізде гимнастика әрқашан жақсы деңгейде болды. 90 жылдары да, 2000 жылдары да кез келген жарыста жоғары орындарға таласа алатын мықты гимнасттар болған. Бірақ олар спорттық мансабын ерте аяқтайтын. Бұрын қаржыландыру жағы да аз, жалақы да төмен еді. Спортшылар «спорт шебері» атағын алғаннан соң циркке жұмысқа не бапкерлікке кететін.
Қазіргі таңда Милад екеуміз командаға келген соң жағдай әжептәуір жақсарды. Араға көп жылдар салып ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Ал осындай жетістіктермен бірге қаржыландыру да артты. Олимпиададағы тарихи медальдан кейін гимнастикаға қызығушылық артып, балалар да көп келе бастады. Қазір бізде әлемдік жарыстарда нәтиже көрсетіп жүрген жас гимнасттардан құралған үлкен команда бар. Жақын арада олардың есімін бүкіл әлем еститін болады.
– Бір сұхбатыңыздан оқыдым, кезінде ұлттық құрама сапына іліне алмай өз қаражатыңызға халықаралық жарыстарға бардыңыз. Қазір спорттық гимнастикадағы жағдай қандай, әлі де өз қаражатына жарыстарға баратын гимнасттар бар ма, әлде мемлекет барлық шығынын көтеріп жатыр ма?
– Мен 2017 жылы Қазақстанда жақсы нәтиже көрсете алмағандықтан, өзім үшін маңызды бірнеше оқу-жаттығу жиыны мен жарыстарға демеушілердің қолдауымен бардым. Дәл осы сапарлар менің өсуіме, ұлттық құраманың бапкерлеріне өзімді көрсетіп, дәлелдеуіме көмектесті. Кейін мені ұлттық құрамаға қабылдады.
Қазір барлық спортшылардың шығынын мемлекет өтейді. Бірақ кейде спортшылар, бапкерлер мен төрешілер жеке іс-шараларға қатысуы керек болса, өз қаражатымен немесе демеуші арқылы барады. Мұндай кезде федерация мен қалалық ұйымдар көмектесетін сәттер де болады.
– Отандық гимнастикада қазір қандай проблеманы өзекті деп айта аласыз? Әсіресе өңірлерде? Өзге спорт түрлеріндегі секілді ұлттық құрамаға таныс-тамыр арқылы өтіп кететін спортшылар бар ма?
– Гимнастика – көп жылдық еңбек пен жаттығуды қажет ететін қиын спорт түрі. Спортшылар кәсіби деңгейге жету үшін көп жыл еңбектенеді. Дегенмен, бұл спортта көп мөлшерде ақша табу қиын. Сондықтан спортшылар ақша немесе шетелге шығу үшін емес, шын көңілімен қатысады. Қазіргі уақытта құраманың іріктеу жүйесі әділ, яғни әр спортшы лайықты болғандықтан құрамада жүр. Бірақ елімізде спорт залдары аз, бұл үлкен мәселе.
Тағы бір проблема – спорттық мансабын аяқтаған спортшылар басқа салаға кетіп қалады. Сол себепті жаттықтырушылар да жетіспейді.
– Спорттық гимнастика ең қауіпті спорттардың бірі болып саналады. Өзіңіз де Олимпиададан кейін емделіп жатқаныңызды жаздыңыз. Қандай жарақаттарыңыз бар, толықтай айығып кеттіңіз бе?
– Гимнастика – бұл дененің барлық бұлшықеті жұмыс істейтін ерекше спорт түрі. Біздің спортта үлкен қарқынды жылдамдық пен күрделі трюктер бар. Бір ғана қате қозғалыс ауыр жарақатқа ұрындыруы мүмкін. Дейтұрғанмен, спортшы ретінде сен ауырсынуға мән бермеуге тырысасың: тісіңді тістеп, жұмысыңды жалғастырасың.
Олимпиададан кейін көп жылдар бойы жиналған ішкі және сыртқы мәселелердің бәрі анық байқалып, сезіле бастады. Денемдегі барлық ауруды байқадым. Жарты жыл бойы сол жарақаттарды емдеп, қалпыма келу үшін емделдім. Қазір жағдайым біршама жақсарды. Толық жазылу мүмкін емес. Бастапқыдан қарағанда әжептәуір оңалдым. Ең бастысы – менде күш-қуат пен мотивация бар. Жоғары нәтижелер көрсетуге толық дайынмын.
– Келесі Олимпиада ойындарында жасыңыз 30-ға келеді. Гимнастика – бокс немесе дзюдо емес қой, 30-да ер адамның сүйегі қатайып, жаттығуларды орындауы қиындайды. Сіз Лос-Анджелеске барамын деп жоспар құрдыңыз ба, әлде оған дейін спорттағы мансабыңызды аяқтауыңыз мүмкін бе?
– Менің ойымша, 30 жас — бұл физикалық әрі психологиялық тұрғыдан ең жоғарғы деңгейде бабымда болатын идеалды жас. Бәсекелестеріме қарап, мен Олимпиада чемпионы атанып, алтын медаль алуға күшім мен қабілетім жететініне сенемін.
– Спорттан кейін немен айналысасыз? Әкеңіздің жолын қуып бапкер боласыз ба, әлде басқа жоспарларыңыз бар ма?
– Алдымен спорт саласы бойынша ең үздік әрі жоғары білім алғым келеді. Кейін спортты, соның ішінде гимнастиканы дамытуға кез келген қызметте көмектесуге дайынмын.
– Елімізде легионерлерді мемлекет есебінен қаржыландыруға тыйым салу туралы заң қабылданды. Сіздің Қазақстан спортына легионер тарту мәселесіне көзқарасыңыз қандай? Әсіресе, гимнастикаға шетелдік мықты спортшыларды әкелу қажет емес пе?
– Егер де легионер спортшы еліміздің атынан өнер көрсетуге ниетті болса, алдымен ол жақсы нәтиже көрсетуі керек. Өзін дәлелдегеннен кейін ғана оның қаржыландыруға бола ма, жоқ па деп ойлануға болады.
– Өзіңізге басқа мемлекеттен шақыртулар болған жоқ па? Әсіресе Олимпиада ойындарынан кейін…
– Ресми түрде ешқандай ұсыныс болмады. Тек ауызша, қалжыңдап ғана айтқандар болды. Бірақ мен бірден елден кетуге ниетім жоқ екенін, Қазақстанда бәрі көңілімнен шығатынын айттым.
– Елдос Сметов Парижден келгеннен кейін сұхбат беріп, қанша автокөлік, қанша пәтер алғанын айтты, және оларды кімдерге сыйлағанын да жасырмады: сыйлықтың бәрін әкесі мен бауырларына, туыстарына үлестіріп берген екен. Сіз де Парижден келгеннен кейін сый-құрметтен шет қалған жоқсыз. Егер құпия болмаса, қанша автокөлік алдыңыз және оларды не істедіңіз?
– Демеушілерден екі көлік пен бір пәтер алдым. Бір көлікті әкеме, пәтерді анама сыйладым. Қалғанын сатып жібердім. Өйткені өзімде бәрі бар.
– Париж Олимпиадасынан кейін алған ең ерекше, есте қалатын сыйлықты айта аласыз ба?
– Олимпиададан кейін алған әрбір сыйлық мен үшін қымбат әрі есте қаларлықтай болды. Бірақ ең ерекше сыйлық – Чунджадағы жиында сыйға тартқан жылқы мен өз портретім өте ерекше әсер етті.
– Әңгімеңізге рахмет! Әрқашан биіктен түспеңіз!