. Бірақ біздің құраманы олардан әлсіз деп ойламаймын
Футбол сарапшысы Болат Есмағамбетов Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларын салыстырып, екі ел арасындағы матчтарды жиілетуді ұсынды. Жыл басында жоспарланған жолдастық кездесу туралы келісім Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатының іріктеуінен өтуіне және бапкерінің ауысуына байланысты күшін жойды.
Сарапшы көршілердің жетістігіне шын жүректен қуанып, олардың 2026 жылғы мундиальда сәтті өнер көрсетуін тіледі:
«Әрине, көршілеріміз үшін өте қуаныштымын. Олардың 2026 жылғы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетуіне тілектеспін және шын ниетіммен жанкүйер боламын. Негізі Азия арқылы Қазақстан да әлем чемпионатына өте алар еді деп ойлаймын. Бірақ біздің өз жолымыз бар, ол жол қиындау болса да, сол бағытпен келе жатқанымызға қуаныштымын», – деді ол.
Есмағамбетовтің айтуынша, екі ел құрамаларын нақты салыстыру үшін ең дұрыс жол – өзара ойындар өткізу:
«Салыстыру үшін бір-бірімізбен көбірек матч ұйымдастырған жөн. Сонда ғана кімнің қандай деңгейде екенін толық түсінуге болады», – деді маман.
Сарапшы Қазақстан құрамасының Өзбекстаннан әлсіз емес екенін атап өтті:
«Иә, олар әлем чемпионатына шықты. Бірақ біздің құраманы олардан әлсіз деп ойламаймын. Өзбекстан іріктеуде Бельгия немесе Уэльс секілді қарсыластармен ойнады ма? Жапония, Аустралия және Оңтүстік Корея мүлде басқа топтарда ойнады», – деді Есмағамбетов.
Ол клубтық деңгейдегі пікірталастарға да тоқталды:
«Еурокубоктарды Азия турнирлерімен салыстырудың өзі қисынсыз. УЕФА – бұл футбол элитасы, біз сол жақта бәсекеге түсіп жүрміз және тәп-тәуір өнер көрсетіп жатырмыз. Біздің жанкүйерлер «Интер», «Реал», «Арсенал» командаларын көреді, ал қазақстандық футболшылар соларға қарсы ойнап, өздерін шыңдай түседі.
Әр елдің өз даму жолы бар. Ал салыстырудың ең дұрыс тәсілі – өзара матчтар өткізу», – деп қорытындылады Болат Есмағамбетов.