Заманауи академияда еліміздің әр өңірінен іріктелген 100 талантты футболшы тәрбиеленеді
Қазақстан футбол федерациясы балалар-жасөспірімдер футболы инфрақұрылымын дамытудағы жұмыстарын жалғастыруда. Жаңа футбол академиясы Тараз қаласында орналасады. Аталған жоба ҚФФ-ның Жамбыл облысы әкімдігі мен Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры арасындағы үшжақты меморандум аясында іске асырылуда.
22 қарашада Жамбыл облысы Тараз қаласында жаңа футбол академиясының іргетасын қалау салтанаты өтті. Жиынға ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов және өңірдегі спорт ардагерлері, қала тұрғындары қатысты.
Жамбыл облысында бой көтеретін заманауи академияда еліміздің әр өңірінен іріктелген 100 талантты футболшы тәрбиеленеді. Барлық инфрақұрылым FIFA және UEFA стандарттарына сай болып, болашақ чемпиондардың кәсіби деңгейде өсуіне толық жағдай жасалады.
«ҚФФ ұлттық құраманың келешегін тәрбиелеуде ірі бастамаларды қолға алды. Соның бірі – бүгінгі академия құрылысы. Мұнда тәрбиеленетін әр бала ұлттық құрама жейдесін киіп, Қазақстанның атын әлем елдері алдында асқақтатарына сенімім мол. Себебі балалар мен жасөспірімдердің жүйелі дайындығы - Қазақстан футболының болашағы. Біздің Halyk қорымен бірге халықаралық стандарттарға сай салынатын академия Қазақ футболының дамуына қосылған зор үлес болмақ. Осындай игі істер жалғасын таба береді», деді ҚФФ бас хатшысы Давид Лория.
Меморандум аясында Halyk қоры 3,5 млрд теңге инвестиция құйып, нысанды жобалаудан бастап толық іске қосылғанға дейінгі барлық кезеңді жүзеге асырады. Сондай-ақ, қаражат инженерлік инфрақұрылымды жүргізуді, спорт жабдықтарымен, инвентарлармен мен жиһаздармен жабдықтауға да жұмсалады.
Тараптар жобаны бірлесе іске асыру үшін ортақ жол картасы әзірленеді. Академияның жобалық шешімдері мен техникалық-экономикалық зерттеулер Қазақстан футбол федерациясы дайындаған техникалық тапсырма негізінде жүргізіледі.
«Біздің басты миссиямыз – жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашу. Halyk қоры тек спортқа инвестиция жасаған жоқ, жастардың арманына, олардың келешегі жарқын болуына қол ұшын создық. Біз Қазақстан футболының жаңа дәуіріне серпін беруге ықпал еткіміз келеді. Бұл жоба мыңдаған балаға шабыт сыйлап, ел спортының дамуына айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз», деді Halyk қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Жаңа футбол академиясы Жамбыл облысындағы балалар мен жасөспірімдер спортын жаңа деңгейге көтереді. Ол өңір жастарына да кәсіби футболға жол ашып, аймақтың спорттық әлеуетін арттыруға маңызды үлес қоспақ.
«Бұл жоба – Жамбыл өңірінің спорттық тарихындағы жаңа белес. Біз өз жастарымызға ең жақсы жағдай жасауды мақсат етіп келеміз. Футбол академиясы тек инфрақұрылым емес, бұл – балалардың арманын жақындататын үлкен мүмкіндік. Әр таланттың алаңда жарқырауына бағытталған әр жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Ғимаратта ойыншыларға арналған жатақхана, оқу сыныптары, медициналық бөлім, әкімшілік блок, жабық және ашық бірнеше кәсіби жаттығу алаңы орналасады.
Айта кету керек, 2026 жылдың соңына қарай Талғар қаласында 150 тәрбиеленушіге арналған ұлттық академияның құрылысы аяқталады. Ол ФИФА-ның Таланттар академиясы мәртебесін алды. Қазақстан әлем бойынша академиясы жоғары мәртебе ие болған тоғызыншы ел атанды.