Жарнама
Жарнама

Мен үшін «Қайратқа» жол жабық – Ғалымжан Кенжебек

Редактор
08.12.2025, 11:54

Ол 2024 жылға дейін алматылық клуб құрамында өнер көрсетті

ФК «Қайрат»

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Ғалымжан Кенжебек «Қайратқа» қайта оралу тақырыбының мүлде жабылғанын ашық мәлімдеді. Футболшы өткен кезеңдегі қиындықтар мен өз болашағына қатысты жоспарын Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында бөлісті.

Кенжебектің айтуынша, алматылық клубпен арадағы жағдай оның қайта оралуына түпкілікті нүкте қойған.

«Мен үшін «Қайратқа» жол жабық деп ойлаймын. Қайтып барудың ешқандай мәні қалмады. Клубтан кеткен кезде түрлі мәселелер болды, сондықтан бұл тақырыпқа қайта оралу жоспарымда жоқ», – деді ол.

Футболшы сондай-ақ 1,5 жыл бұрын «Жеңіс» клубымен келісімшарт жасап, алайда сол кезде «Қайраттың» сұраған жоғары өтемақысына байланысты елордалық команда сапында дебют жасай алмағанын еске алды.

«Ол кезде мені ешкім ондай ақшаға алмайтын. Сондықтан Кипрге кетуге тура келді. Заң бойынша төрт ай сонда болып, тек содан кейін ғана өтемақысыз өзге клубқа ауыса алдым», – дейді ол.

Соңғы уақытта Кенжебекті «Ақтөбемен» жиі байланыстырып жатқандар аз емес.

«Ақтөбе» – футболмен тыныс алатын қала. Жанкүйерлері өзгеше. Самородов пен Оразовты қалай қолдағанын көрдіңіздер. Егер сен алаңда өзіңді көрсете алсаң, олар сені алақанында ұстайды», – деді ойыншы.

Дегенмен клуб тарапынан нақты қызығушылық болған-болмағаны жайлы сұраққа ол қысқа ғана жауап берді.

«Маған ешқандай ресми ұсыныс түскенін естіген жоқпын. Қазір толық назарым — Еуропада өзімді тағы бір мәрте дәлелдеу. Қазақстанға оралуға әрдайым үлгеремін», — деп түйіндеді Кенжебек.

Еске салайық, Ғалымжан Кенжебек – «Қайрат» академиясының түлегі. Ол 2024 жылға дейін алматылық клуб құрамында өнер көрсетті.

Реклама
Реклама