Жарнама
Жарнама

Дани Алвес Португалияның үшінші дивизионында ойнауы мүмкін

Редактор
02.01.2026, 21:40

«Сан-Жуан-де-Вер» клубы 14 турдан кейін А тобында соңғы орынға жайғасқан

Getty sport

Әлем бойынша ең көп жүлде иеленген бразилиялық  футболшы Дани Алвес Португалияның үшінші лигасында өнер көрсететін «Сан-Жуан-де-Вер» клубының тең иесі атанды.

Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді. Клуб өкілдерінің айтуынша, Алвестің келуі жай ғана құрылымдық өзгеріс емес, «әлемді бағындырған футболшының тәжірибесі мен үмітін жоғалтпаған клубтың рухының тоғысуы» болып саналып отыр.

Қазіргі уақытта «Сан-Жуан-де-Вер» клубы 14 турдан кейін А тобында соңғы орынға жайғасқан. Бұған дейін ESPN порталы Алвес 2026 жылы осы команда сапында кәсіпқой футболға қайта оралу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған болатын.

Дани Алвес осыған дейінгі спорттық мансабында Бразилия құрамасы мен «Барселона», «Севилья», «Ювентус», ПСЖ клубтары сапында барлығы 43 трофей жеңіп алған.

Ол 2023 жылдың қаңтар айында Барселонадағы түнгі клубта болған зорлау ісі бойынша ұсталған еді. 2024 жылдың ақпанында оған 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанымен, 2025 жылдың наурызында апелляцияға беріп, толық ақталып шықты.

Реклама
Реклама