Бұл бастаманы танымал маман көтерген.
Футбол ережелеріне жауапты Халықаралық футбол қауымдастықтары кеңесі (IFAB) офсайдты анықтау тәртібіне қатысты маңызды өзгерістерді қарастыруға дайындалып жатыр.
Күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі - «Венгер ережесі» деп аталып кеткен бастама. Арнайы отырыс 20 қаңтарда Лондонда өтеді.
Егер бұл ұсыныс алғашқы кезеңде қолдау тауып, ақпан айында өтетін жалпы жиналысқа шығарылса, оның қабылдану ықтималдығы жоғары. Мұндай жағдайда жаңа ереже 2026/27 маусымынан бастап ресми түрде енгізілуі мүмкін.
Ұсыныстың негізгі мақсаты - жанкүйерлер мен мамандар арасында жиі сынға ұшырайтын «миллиметрлік офсайдтардан» бас тарту. Бұл дегеніміз - шабуылдаушы ойыншы соңғы қорғаушыдан гол соғуға болатын дене мүшесімен, яғни аяғымен немесе басымен анық әрі толық алда тұрған жағдайда ғана офсайд тіркеледі деген сөз. Ал аяқтың ұшы, иықтың миллиметрлік артықшылығы секілді даулы сәттер өткеннің еншісінде қалуы мүмкін.
Бұл бастаманың авторы - аты аңызға айналған бапкер, «Арсеналдың» бұрынғы бас жаттықтырушысы Арсен Венгер. Қазіргі таңда ол ФИФА-ның жаһандық футболды дамыту жөніндегі департаментін басқарады.
Егер өзгеріс күшіне енсе, бұл шабуылға басымдық беретін, ойын қарқынын арттыратын және төреші шешімдеріне қатысты дау-дамайды азайтатын маңызды қадам болмақ.