«Салах жоқ, Мане бар». Африка кубогының финалистері анықталды

Редактор
Бүгін, 10:21

Жарыс Марокконың алты қаласында өтіп жатыр.

©x.com/CAF_Online

Футболдан Африка Ұлттар кубогының шешуші кезеңіне шыққан құрамалар белгілі болды.

Қаңтар айының 14-інен 15-іне қараған түні өткен жартылай финалдық кездесулерде финалға жолдама алған екі құрама анықталды.

Алғашқы жартылай финалда Сенегал құрамасы Мысыр футболшыларын 1:0 есебімен жеңді. Тартысты өткен ойында сенегалдықтар минималды басымдықты сақтап қалды. Мысыр сапында әлемге әйгілі ойыншы Мохамед Салах өнер көрсетті.

Екінші жартылай финалда турнир қожайыны Марокко құрамасы мен Нигерия құрамасы негізгі және қосымша уақытта жеңімпазды анықтай алмады. Ал пенальти сериясында марокколықтар дәлірек болып, финалға өтті.

Осылайша, турнир мәресіне таяп қалды. Қола жүлде үшін матчта 17 қаңтар күні Мысыр мен Нигерия құрамалары кездеседі. Ал басты финалдық ойында Сенегал мен Марокко 18 қаңтарда чемпиондық атақты сарапқа салады.

Айта кетейік, марокколықтар Африка кубогының финалына 2004 жылдан бері алғаш рет шығып отыр. Олардың жалғыз чемпиондығы 1976 жылы тіркелген. Ал сенегалдықтар соңғы төрт турнирдің үшеуінде финалға жеткен: 2019 жылы Алжирге есе жіберсе (0:1), 2022 жылы Мысырды пенальти сериясында жеңіп, чемпион атанған (0:0, пенальти – 4:2). 2024 жылғы турнирде Сенегал 1/8 финалда болашақ чемпион Кот-д’Ивуарға жол берген еді (1:1, пенальти – 4:5).

Африка Ұлттар кубогы 18 қаңтарда мәресіне жетеді. Биылғы турнирге Африканың 24 елінің ұлттық құрамалары қатысуда. Жарыс Марокконың алты қаласында өтіп жатыр.

Реклама
Реклама