Бұған дейін футболшының агенті де мәлімдеме жасаған еді.
Қазақстан футзал федерациясының президенті Нұрсұлтан Құрман босниялық жартылай қорғаушы Миралем Пьяничтің «Ақтөбеге» ауысатыны жайлы қауесеттерге нүкте қойды.
Ол атақты футболшымен жүргізілген келіссөздердің сәтсіз аяқталғанын айтты. Бұған ойыншының келісімшарт талаптары себеп болған.
«Пьянич келмейді. Оның қойған талаптары… ол келмейді, - деді Нұрсұлтан Құрман өзінің YouTube-арнасында.
Бұған дейін ресейлік инсайдер Иван Карпов «Ювентус» пен «Барселонаның» бұрынғы ойыншысы «Ақтөбе» сапында өнер көрсетуі мүмкін деген ақпарат таратқан еді. Алайда кейін футболшының агенті бұл мәліметті жоққа шығарған болатын.
Айта кетейік, 35 жастағы Миралем Пьянич былтыр кәсіби мансабын ресми түрде аяқтаған. Оның соңғы клубы - Мәскеудің ЦСКА командасы. Футболшы ретінде ол 666 матчқа қатысып, 77 гол соғып, 132 нәтижелі пас берген. Сондай-ақ ол Италия чемпионатын төрт рет, ал Италия кубогын екі мәрте жеңіп алған.