«Ақтөбе» Наниды шақырғанша, Зиданды әкелсін – Дмитрий Селюк

Редактор
20.01.2026, 10:46

Бай адам келіп, өзін пиар жасағысы келетін сияқты

ФОТО: Getty images

Футбол агенті Дмитрий Селюк Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында «Манчестер Юнайтед» клубында және Португалия құрамасы сапында өнер көрсеткен Луиш Нанидің қазақстандық «Ақтөбе» клубына ауысуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Селюктің айтуынша, бұл трансфердің бәрі қаржылық мәселеге тіреліп тұр.

«Бәрі ақшаға байланысты. Нани қазір жасы келген футболшы, тіпті «ата» деуге болады. «Ақтөбе»  оның мансабын қайта жандандырмақ сияқты. Бұл – ақымақтық. Мен «Қайраттағы» Мартынович секілді тәжірибелі қорғаушыны түсінемін, бірақ Нанимен жағдай мүлде бөлек. Егер бұл рас болса, онда әңгіме тек Наниде емес. Мен Миралем Пьянич жайлы да естідім. Бұл – желге ұшқан ақша», – дейді агент.

Оның пікірінше, мұндай футболшыларға үлкен қаржы төлеудің еш мәні жоқ.

«Команданы күшейту бір басқа, ал мансабын аяқтаған ойыншыны қайта алаңға шығару үшін қыруар ақша төлеу – түсініксіз. Ондай болса, Зиданды да шақыра салсын», – деп мысқылдады Селюк.

Сұхбат барысында Селюк бұл мәселені «Ақтөбенің» жаңа иесімен де байланыстырды.

«Мәселе жаңа қожайында болуы мүмкін. Бай адам келіп, өзін пиар жасағысы келетін сияқты. Пиар тұрғысынан – иә, бұл туралы жазады. Бірақ мен жас ойыншыларды ұсынар едім. Ал егер ардагер болса, неге әлем чемпиондарын шақырмасқа? Нанидің «Ақтөбеге» келуі – екі тарап үшін де абсурд», – деді ол.

Сондай-ақ агент Ресейдің «Кубань» клубының кезінде Джибриль Сиссемен жасаған сәтсіз тәжірибесін мысалға келтірді.

«Наниді шақырса, Англия баспасөзі жазады, клубтың аты шығады. Бірақ сонымен қатар «Ақтөбедегі» басшыларды мазақ етеді. Егер Нани Қазақстан чемпионатындағы ең үздік ойыншы болса, бұл чемпионат деңгейі үшін масқара болады», – деп түйіндеді Селюк.

Еске салайық, жуырда «Ақтөбенің» иесі қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Артыкбаев атанды. Forbes дерегіне сәйкес, оның байлығы 228 миллион долларды құрайды. БАҚ мәліметінше, 38 жастағы Еуропа чемпионы Нани «Ақтөбемен» бір жылдық келісімшартқа келіскен. Оның жалақысы Қазақстан Премьер-лигасы тарихындағы ең жоғары жалақы болмақ.

Луиш Нани мансабында «Манчестер Юнайтедпен» бірге төрт рет АПЛ чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын, клубтар арасындағы әлем чемпионатын және өзге де көптеген трофейлерді жеңіп алған. Сондай-ақ ол әр жылдары Спортинг, Фенербахче, «Валенсия», «Лацио», «Орландо Сити», «Венеция», «Мельбурн Виктори», «Адана Демирспор» және «Эштрела» клубтарының намысын қорғаған.

Реклама
Реклама

Материалда: