Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 20 қаңтар күні матч барысында үш ер адам қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге барған.
Астанада өткен «Қайрат» пен бельгиялық «Брюгге» командалары арасындағы футбол матчы кезінде ерекше киінген шетелдік жанкүйерлер полицияның назарына ілікті.
Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан үш шетелдік азаматтың стадион трибуналарында «Борат» фильмінде кең танылған жасыл түсті ашық купальникке ұқсас киіммен отырғаны анық байқалады. Бұл әрекет көпшіліктің наразылығын тудырған.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 20 қаңтар күні матч барысында үш ер адам қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге барған. Олар қоғамдық орында мас күйінде болып, ұсақ бұзақылық белгілеріне жол берген.
Аталған тұлғалар полиция қызметкерлері тарапынан ұсталып, бөлімшеге жеткізілді. Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс баптары бойынша іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Қазіргі уақытта шетелдік азаматтар уақытша ұстау изоляторында отыр.
Айта кетейік, матч 1:4 есебімен бельгиялық «Брюгге» командасының пайдасына аяқталды.
Еске сала кетсек, Борат Сагдиев – актер Саша Барон Коэн сомдаған ойдан шығарылған кейіпкер. Фильмде Қазақстан жағымсыз қырынан көрсетіледі, сондықтан бұл образды қолдану елге деген құрметсіздік ретінде жиі сынға ұшырап жатады.
Бұған дейін де Қазақстанда өткен халықаралық матчтарда «Борат» бейнесіне байланысты даулы жағдайлар тіркелген болатын.