Ол жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан допинг дауына қатысты ресми түсініктеме беріп, спортшының В сынамасынан да тыйым салынған зат анықталғанын растады.
Берік Сұлтанның айтуынша, соңғы күндері әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікте тараған деректердің көбі шындыққа жанаспайды әрі жанкүйерлерді шатастырып отыр.
«Әлеуметтік желілерді ашып қалсам, бірінен бірі өткен неше түрлі жаңалықтар толып жүр. Кейбірі шындыққа жанасымды, кейбірі мүлде ақылға қонбайды, бірақ бәрі де халықты адастырады. Тіпті Жәнібекті төрт жылға спорттан шеттетіп, екі чемпиондық белдігінен айырды, допинг қабылдағаны дәлелденді деген ақпаратты көрдім. Мұны көріп, қазір ақпараттық соғыс жүріп жатқанын түсіндім. Сол себепті бәрін өзім түсіндіріп берейін деп шештім», – деді ол.
Менеджердің сөзінше, В сынаманың нәтижесі А сынамамен сәйкес келген.
«Өкінішке қарай, В сынаманың нәтижесі А сынамамен бірдей болып шықты. Іштей дайын болдық, өйткені бір бөтелкедегі суды екіге бөлгеніңізбен, оның құрамы бірдей болады. Дегенмен соңына дейін үміт үзбедік, өмірде түрлі жағдай болады ғой. В сынамадан да тыйым салынған зат табылды, бірақ бұл Жәнібек допинг қабылдады деген сөз емес. Ол ешқашан допинг қолданған емес және қолданбайды да. Ол – таза спорт жолын ұстанатын кәсіби боксшы», – деді Берік Сұлтан Instagram парақшасында.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлының А допинг-сынамасынан мельдоний табылғаны белгілі болды. Осыған байланысты оның WBC чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен өтуі тиіс жекпе-жегі кейінге шегерілген еді.
Кеше Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков те В сынамадан тыйым салынған зат анықталғанын ресми түрде растады.