Бельгиялық клубтың жолға жұмсаған уақыты 13 сағаттан асып кеткен
Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңі ойындары аясында бельгиялық Брюгге футбол клубы Астанадағы Қайрат командасымен өткен матчтан кейін еліне жоспарланған уақыттан шамамен бес жарым сағат кеш ұшқаны мәлім болды.
БАҚ мәліметінше, «Брюгге» футболшылары Астанадан ұшып шыға алмай, түні бойы әуежайда күтуге мәжбүр болған көрінеді. Оған ұшақтың қозғалтқыштарының қатып қалуы себеп болған.
Аталған техникалық ақауға байланысты әуе кемесі таңертең ғана көкке көтерілген. Ал Бельгияға дейінгі ұшудың өзі сегіз сағатқа жуық уақытқа созылған. Жалпы алғанда, бельгиялық клубтың жолға жұмсаған уақыты 13 сағаттан асып кеткен.
Естеріңізде болса, 20 қаңтарда Астанада өткен матч кезінде «Брюгге» «Қайратты» 4:1 есебімен жеңген еді. Бұл «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы алғашқы маусымы екені белгілі. Жеті турдан кейін жерлестеріміз плей-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылып, турнир кестесінің соңғы сатысына жайғасты.
Топтық кезеңдегі соңғы ойында «Қайрат» 28 қаңтарда сырт алаңда лондондық Арсенал командасына қарсы өткізеді. «Брюгге» болса Чемпиондар лигасының турнирлік кестесінде 26-орынға тұрақтаған.