ФИФА президентінің табысы бір жылда 6 млн доллардан асты

Редактор
22.01.2026, 10:32

Соңғы он жылда оның кірісі төрт есе артқан. 

Michael Reaves / Getty Images

ФИФА президенті Джанни Инфантиноның 2024 жылғы табысы 6 миллион доллардан асқан. Бұл туралы АҚШ-тың Салық қызметіне (IRS) тапсырылған декларацияларға сілтеме жасай отырып Le Monde басылымы хабарлады.

Құжаттарға сәйкес, Инфантиноның былтырғы жиынтық кірісі 6,133 миллион долларды (шамамен 5,27 миллион еуро) құраған. Бұл сомаға негізгі жалақы, сыйақылар мен зейнетақы аударымдары кіреді. Атап айтқанда, оның базалық еңбекақысы шамамен 2,95 миллион долларды, бонус ретінде алған төлемдері 1,87 миллион долларды, өзге де ынталандыру төлемдері 1,1 миллион доллардан астам соманы құраса, зейнетақы қорына шамамен 155 мың доллар аударылған.

Салыстырар болсақ, Джанни Инфантино 2016 жылдың ақпанында ФИФА президенті қызметіне алғаш келген кезде оның жылдық табысы небәрі 1,5 миллион доллар шамасында болған. Осылайша, соңғы он жылда оның кірісі шамамен төрт есе артқан.

Сарапшылар пікірінше, бұл өсім Инфантино басшылығының тұсында ФИФА-ның қаржылық қуатының артуымен байланысты. Ұйымның 2023-2027 жылдарға арналған қаржылық циклдегі кірісі, оның ішінде АҚШ, Канада және Мексикада өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатын қоса алғанда, 11 миллиард долларға жетуі мүмкін.

Салық декларацияларында Инфантиноның табысы әрбір ірі турнирден кейін өсіп отырғаны көрсетілген. Мәселен, 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатынан кейін ол шамамен 827 мың швейцариялық франк (1 миллион долларға жуық) бонус алса, 2022 жылғы Катардағы мундиальдан соң 1,65 миллион франк (шамамен 2 миллион доллар) көлемінде сыйақы иеленген.

Бұған дейінгі дереккөздер де ФИФА басшысының базалық жалақысы мен бонус пакеті жылдар өте ұлғайғанын алға тартқан. Атап айтқанда, 2020-жылдардың ортасында оның негізгі еңбекақысы мен айнымалы төлемдері 4 миллион швейцариялық франктен (шамамен 4,5 миллион доллар) асып түскен.

Соған қарамастан ФИФА өз қаржылық есептерінің халықаралық ашықтық талаптарына толық сай екенін айтады.

Реклама
Реклама