Ол бұған дейін де мергендік танытқан.
Бельгияның «Генк» клубының жасөспірімдер командасында өнер көрсететін 16 жастағы қазақстандық вингер Шахмұрат Дәулетов нәтижелі ойынымен көзге түсті.
Ол «Йонг Генк» сапында «Левенге» қарсы өткен матчта гол салып, командасына маңызды ұпай сыйлады - 2:2.
Дәулетовтің дәл соққысының арқасында «Генк» жеңіліссіз сериясын жалғастырды. Осы нәтижеден кейін команда турнир кестесінде ұпай саны бойынша «Брюггемен» теңесіп, өз жас санатындағы чемпионатта екінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, қазақстандық футболшы бұған дейін Мёнхенгладбахтың «Боруссия» клубының резервтік құрамына қарсы матчта алаңға шыққан еді.
Шахмұрат Дәулетов - «Қайрат» академиясының түлегі. Түркияның «Антальяспор» жүйесінде шыңдалған ол Бельгияға аттанып, алдымен «Беерсхот» клубында қаралымнан өтті. Ал 14 жасында «Генк» академиясына қабылданды.
Еске сала кетсек, Дәулетов «Генктің» резервтік құрамы сапында дебютін былтырғы тамыз айында өткізіп, ПСВ (U-19) командасына қарсы кездесуде дубль авторы атанған. Сол ойында қарсылас сапында аты аңызға айналған Руд ван Нистелройдың ұлы Лиам ван Нистелрой да гол соққан еді.