Боранбаев «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы маусымын қорытындылады
Алматылық «Қайрат» футбол клубының президенті Қайрат Боранбаев Чемпиондар лигасындағы маусым қорытындысын жасап, команданың тарихи жетістігіне тоқталды. Оның айтуынша, «Қайрат» — Қазақстан тарихында алғаш рет негізгі кезеңге өткен жекеменшік клуб ретінде ел футболы үшін жаңа белес ашты.
Тарихи нәтижеге қол жеткіздік
Боранбаевтың мәлімдеуінше, қазіргі мүмкіндіктерді ескергенде бұл — клуб үшін ғана емес, отандық футбол үшін де аса маңызды жетістік.
«Чемпиондар лигасының науқаны аяқталды. “Қайрат” 36 ең мықты еуропалық клубтардың арасында турнирдің негізгі кезеңіне өткен Қазақстандағы алғашқы жекеменшік клуб болды. Бұл маңызды нәтиже», — деді клуб басшысы.
Ол бұл кампанияның командаға нағыз бәсекелестік орта деңгейін сезінуге, сонымен бірге болашаққа қатысты нақты қорытынды жасауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Қазақ футболы мұндай деңгейде болған емес
Президенттің сөзінше, Чемпиондар лигасы матчтары ел ішінде футболға деген қызығушылықтың қаншалықты жоғары екенін дәлелдеді.
«Елдің футболды қаншалықты жақсы көретінін көрдік. “Қайратқа”, ойыншыларымызға және Чемпиондар лигасының матчтарына деген қызығушылық орасан зор болды. Қазақстандағы футбол бұрын-соңды мұндай көрнекті болған емес», — деді Боранбаев.
Оның пікірінше, бұл кезең отандық футболдың да жүйелі, тиімді әрі экономикалық тұрғыдан тұрақты салаға айнала алатынын көрсеткен маңызды белгі.
Академия түлектері – негізгі құрамда
Маусымдағы ең маңызды қорытындылардың бірі — академия тәрбиеленушілері тек қосалқы құрамда қалмай, команда тірегіне айналғаны.
«Академия ойыншылары жетекші еуропалық клубтарға қарсы матчтарда команданың ажырамас бөлігі болды. Олар алаңға шықты, жауапкершілікті өз мойнына алды», — деді клуб президенті.
Боранбаев жас футболшылардың халықаралық деңгейде мойындалып жатқанын да ерекше айтты.
Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол соққан ойыншылар тізімінде Ламин Ямал мен Ансу Фатиден кейінгі үздік үштікке енді;
Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасында матчтың үздік ойыншысы атанған алғашқы қазақстандық болды. Сонымен қатар ол маусым бойынша орташа рейтингтің үздік 10 ойыншысының қатарына кірген.
«Реалға» қарсы матч – ерекше белгі
Клуб басшысы әсіресе «Реал Мадридке» қарсы өткен ойынды бөле-жара атап өтті.
«Бұрын-соңды қазақстандық клуб соншалықты көп назар аударған емес. Бұл — ең айқын нәтижелердің бірі. Біз еліміздің жаһандық аудитория үшін қаншалықты қызықты бола алатынын көрдік», — деді ол.
«Жолымыздан таймаймыз»
Маусым аяқталғанымен, «Қайраттың» басты бағыты өзгермейді. Президент жастарға сенім арту — өз нәтижесін беріп жатқанын айтып, бұл саясат жалғасатынын жеткізді.
«Өз ойыншыларымызға сүйену қазірдің өзінде нәтиже берді. Біз жас ойыншыларымызға сенуді жалғастырамыз, оларға ең жоғары деңгейде өсуге мүмкіндік береміз», — деді Боранбаев.
Жанкүйерге алғыс
Сөз соңында Қайрат Боранбаев жанкүйерлерге қолдау үшін алғыс айтып, ел футболына сенетінін жеткізді.
«Жанкүйерлерімізге қолдауларыңыз, сенімдеріңіз және әр матчта командаға берген күш-жігеріңіз үшін рахмет. Біз таңдаған жолымызбен жүре береміз. Алға, Қазақстан!»