Ол талап қойды.
Португалиялық бапкер Жозе Моуринью мадридтік «Реалға» қайта оралуы мүмкін. Алайда тәжірибелі маман «корольдік клуб» ұсынысын қатаң талаптар орындалған жағдайда ғана қарастыруға дайын.
El Nacional мәліметінше, Моуринью «Реалдағы» жұмысын бастамас бұрын команда құрамын түбегейлі жаңарту қажет деп санайды. Португалиялық маман алдымен ұжымдағы иерархияға ерекше мән бермек. Тиісінше бірқатар негізгі ойыншымен қош айтысу қажет екенін алға тартады.
Жозе Моуринью әсіресе Джуд Беллингем командаға қажетсіз деп санайтын көрінеді. Англия құрамасының жартылай қорғаушысы команда көшбасшыларының бірі болса да, португалиялық маман оны өз жобасының өзегіне айналатын футболшы ретінде қарастырмайды.
Моуринью Беллингемнің мінезі мен алаңдағы, сондай-ақ киім ауыстыратын бөлмедегі дербестігіне алаңдаулы. Бапкердің пікірінше, оның өзін-өзі ұстауы команданың ішкі тәртібіне де, жаттықтырушы беделіне де кері әсер етуі мүмкін.
Моуриньюдің сенімінен шыға алмаған тағы бір ойыншы – Федерико Вальверде. Португалиялық маман уругвайлық жартылай қорғаушы өзінің басқару моделіне сай келетініне күмәнмен қарайды.
Естеріңізде болса, Жозе Моуринью «Реалды» 2010-2013 жылдар аралығында басқарған. Осы аралықта «корольдік клуб» 2011/12 маусымында Ла Лига чемпионы атанып, Испания кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды. Сондай-ақ «Барселонаның» ұзаққа созылған үстемдігін тоқтата білді.