Карим Бензема маусым соңында клуб ауыстырмақ

Редактор
02.02.2026, 11:17

Бензема «Аль-Иттихад» клубымен келіспеушілікке тап болған

©Depositphotos/Bebo7

Франциялық футболшы Карим Бензема алдағы уақытта саударабиялық «Аль-Иттихадтан» «Аль-Хиляльға» ауысуы мүмкін. Сонымен бірге оған «Ювентус» та қызығушылық танытып отыр.

Қазіргі уақытта «Алтын доптың» иегері Бензема «Аль-Иттихад» клубымен келісімшартты ұзарту мәселесіне байланысты келіспеушілікке тап болған. Сол себепті ол «Аль-Хиляль» клубына ауысуы мүмкін. Бұл туралы L’Equipe басылымы жазды.

Бұған дейін француз шабуылшысы келісімшартқа қатысты жағдайға байланысты «Аль-Иттихадтың» «Аль-Фатехке» қарсы өткен ойынына (2:2) қатысудан бас тартқаны белгілі болған еді.

Ақпарат көздерінің мәліметінше, «Аль-Хиляль» 38 жастағы шабуылшыны өз қатарына қосуға нақты қызығушылық танытуда. Кейбір дереккөздер бұл трансфердің келіссөздері жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын алға тартады.

Сондай-ақ Карим Бенземаға италиялық «Ювентус» клубы да қызығушылық білдіргені айтылды. Алайда туриндік клуб тарапынан әзірге нақты қадамдар жасалған жоқ.

Айта кетейік, Бензема «Аль-Иттихад» сапында 2023 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Джидда қаласының клубымен бірге ол Сауд Арабиясының 2024/25 маусымындағы чемпионатында топ жарды.

Реклама
Реклама