«Фенербахче» әлем чемпионы Н’Голо Кантені қатарына қосты

Редактор
04.02.2026, 22:15

Канте Сауд Арабиясының клубында 2023 жылдан бері өнер көрсетті

© MB Media / Contributor / Getty Images Sport

2018 жылғы әлем чемпионы, франциялық жартылай қорғаушы Н’Голо Канте түркиялық «Фенербахче» клубының ойыншысы атанды.

Бұл туралы дерек клубтың X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жария болды.

34 жастағы жартылай қорғаушымен жасалған келісімнің мерзімі әзірге нақтыланбаған. Стамбулдық клубтың мәліметінше, Канте бұрын ойнаған саудиялық «Аль-Иттихад» командасы FIFA-ның TMS трансферлік жүйесіне деректерді қате енгізгені үшін  келісімді белгіленген мерзімде тіркеу мүмкін болмаған.

«Фенербахче» ФИФА-дан тіркеу уақытын ұзартуды сұраған соң халықаралық федерация бұл өтінішті қанағаттандырған. Кейін «Аль-Иттихад» ойыншыны сатуға түпкілікті келісім берген.

Канте Сауд Арабиясының клубында 2023 жылдан бері өнер көрсетті. Осы маусымда «Аль-Иттихад» сапында барлық турнирде 26 матч өткізіп, екі гол соғып, бір нәтижелі пас берген.

Франциялық ойыншы бұған дейін «Булонь», «Кан», «Лестер» және «Челси» клубтарында өнер көрсетті. «Лестер» және «Челси» құрамында Англия чемпионы атанған. Лондондық клубпен бірге Чемпиондар лигасын, Еуропа лигасын, Англия кубогын және УЕФА Суперкубогын жеңіп алды. Сондай-ақ, Франция ұлттық құрамасы сапында 2018 жылы әлем чемпионы болды.

Реклама
Реклама

Материалда: