Мозестің ізімен: «Қайсар» тағы бір жұлдызды футболшымен келіссөз жүргізіп жатыр

Редактор
04.02.2026, 23:14

Ол Нигерия құрамасының белді өкілдерінің бірі.

globallookpress.com

Қызылорданың «Қайсар» клубы құрамын тағы бір танымал нигериялық футболшымен күшейтуді көздеп отыр. Карп Telegram-арнасының хабарлауынша, қазақстандық клуб 33 жастағы шабуылшы Ахмед Мусамен келіссөздер бастаған.

Қазіргі таңда тараптар ықтимал серіктестіктің шарттарын талқылап, бір-бірінің ұсыныстарын саралап жатыр. Әзірге келіссөздер нақты келісімге ұласқан жоқ.

Ахмед Муса - соңғы онжылдықтағы ең танымал нигериялық футболшылардың бірі. Ол жанкүйерлерге Мәскеудің ЦСКА клубындағы ойынымен жақсы таныс, сондай-ақ Нигерия ұлттық құрамасының негізгі футболшыларының бірі болған. Муса - «Қайсарға» жуырда қосылған Виктор Мозестің ұлттық құрамадағы әріптесі.

Ахмед 2024 жылдың соңынан бері Нигерия чемпионатында «Кано Пилларс» командасының намысын қорғап жүр. Сонымен қатар ол аталған клубта бас менеджер қызметін де атқарады. Биылғы маусымда 14 матчқа қатысып, 3 гол соққанымен, жарақатына байланысты бірқатар ойынға қатыса алған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Англия Премьер-лигасының чемпионы Виктор Мозес 24 қаңтар күні ресми түрде «Қайсар» сапына қосылған еді. Ол «Челси» клубымен бірге АПЛ мен Англия кубогын жеңіп алған.

Бейресми деректерге сүйенсек, Виктор Мозестің Қызылорда клубындағы айлық жалақысы шамамен 8 миллион теңгені құрайды. Ал жылдық табысы 160 мың АҚШ долларына жуық.

Реклама
Реклама

Материалда: