Алматы әкімдігі «Қайратқа» 750 млн теңгені не үшін бөлмек?

Редактор
Бүгін, 12:05

Алматы спорт басқармасы қаржы бөлудегі мақсатын түсіндірді

ФК «Қайрат»

Алматы қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы «Қайрат» футбол клубына бюджеттен 750 млн теңге бөлінеді деген ақпаратқа жауап берді. Басқарманың мәлімдеуінше, бұл қаражат кәсіби клубқа емес, балалар футболына бағытталады.

Threads желісінде тараған ақпаратта Алматы әкімдігі жеке меншік «Қайрат» футбол клубына 750 млн теңге бөлмек деген мәлімдеме жасалған. Алайда басқарма бұл деректің шындыққа жанаспайтынын нақтылады.

«Жоспарланған қаражат балалар мен жасөспірімдер командаларының әртүрлі жас санаттары бойынша қызметін ұйымдастыруға арналған. Бұл қызметтерге балалар-жасөспірімдер және жастар командаларының Қазақстан чемпионатына қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ спорттық сыныптар үшін оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру кіреді. Қаржыландыру ашық конкурс арқылы, мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай порталы негізінде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта конкурс әлі өткізілген жоқ», -  делінген басқарманың түсіндірмесінде.

Сонымен қатар, ведомство жоспарланған бюджет қаражаты тек балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға, спорттық резерв қалыптастыруға және Алматы қаласында футболмен айналысатын тәрбиеленушілердің жаттығу процесін қамтамасыз етуге бағытталатынын нақтылады.

«Бұл жерде нақты бір кәсіби футбол клубын немесе оның негізгі құрамын тікелей қаржыландыру туралы сөз болып отырған жоқ. Қалалық бюджеттен халықаралық жарыстарға қатысу, кәсіби футболшылардың жалақысы немесе клубтардың коммерциялық қызметін қаржыландыру қарастырылмаған», - деп қорытындылады басқарма.

Реклама
Реклама