Ол қақпашының мықты чемпионатқа ауысқанын қалайтынын айтты.
«Қайрат» футбол клубының Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев қақпашы Темірлан Анарбековтің Еуропа клубына ауысу мүмкіндігі жайлы ойын ортаға салды.
«Анарбековке қатысты ұсыныстар болды. Алайда олардың ешқайсысы клубымыздың амбициясына сай келмеді. Біз ресми түрде түскен ұсыныстарды ғана қарастырамыз. Ал нақты негізі жоқ нұсқаларды талқыламаймыз да. Егер қандай да бір клуб Анарбеков бойынша ресми ұсыныспен келсе, біз оны міндетті түрде қарастырамыз. Бірақ біз үшін Темірланның мықты чемпионатқа, деңгейі жоғары клубқа ауысуы маңызды», - деді Қайрат Боранбаев.
Айта кетейік, 2025 жылы Темірлан Анарбеков Қазақстан ұлттық құрамасы сапында дебют жасап, екі матч өткізді. Ал «Қайрат» сапында Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі кездесулерде жоғары деңгейде өнер көрсетті.