Ол карьерасындағы сәтсіздікті карта ойнап естен шығарғысы келетін тәрізді.
Англия құрамасы мен «Тоттенхэм» клубының бұрынғы футболшысы Деле Алли Лондонда покер ойнап, бірнеше күнде 150 000 фунт стерлингінен айырылды (бұл шамамен 101 миллион теңге).
Daily Mail басылымының дерегінше, 29 жастағы экс-жартылай қорғаушы соңғы уақытта Лондондағы казинолардың тұрақты қонағына айналған. Дереккөз мәліметінше, Алли кешін покер үстелдерінде өткізеді. Ал оның жиі жеңілетіні соншалық, тәжірибелі ойыншылар арасында «кит» деген бейресми лақап атқа ие болған. Покер сленгінде бұл атау ірі сомаларды оңай ұтылатын ойыншыларға қатысты қолданылады.
Басылым тәжірибелі ойыншылар Аллидің казиноға келгенін оңтайлы пайдаланатынын да жазды.
Айта кетейік, Деле Алли бұған дейін «Тоттенхэм» клубының негізгі құрамында ойнап, Англия ұлттық құрамасының намысын қорғаған. Кейінгі жылдары ол Италияның «Комо» клубында өнер көрсеткенімен, бұрынғы деңгейіне қайта орала алмады. Футболшының кәсіби мансабындағы бұл құлдырау оның алаң сыртындағы өмірімен де байланысты болуы мүмкін деген пікірлер айтылуда.