Былтыр Қазақстан Словениядан екі рет жеңілді
Футболдан Словения құрамасының жанкүйерлері Ұлттар лигасы топтық кезеңінің жеребесіне қатысты әлеуметтік желіде сан-алуан пікірлер жазып жатыр. Олар өз командасының топтан шығуға мүмкіндігі мол екеніне сенімді.
Айта кетейік, Словения Қазақстан, Норвегия және Аустриямен бірге B дивизионындағы үшінші топқа түсті.
Словениялық жанкүйерлер топтағы фавориттің Норвегия екенін жасырмайды. Ал, Аустрия мен Қазақстанды ұтуға болатынын жазған.
Еске салайық, былтыр Қазақстан мен Словения Еуропа чемпионатына іріктеу аясында екі матч өткізіп, екеуінде де Словения 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.
«Норвегияның мүмкіндігі көп. Басқаларымен таласуға болады»;
«Үнемі бір қарсыластармен кездесе береміз. Нәтижесі де жылдағыдай болады»;
«Тағы да Қазақстан мен Норвегия»;
«Бұған дейін Қазақстанды да, Норвегияны да ұттық. Аустрияны жеңуге болады»;
«Қазақтардың аузын жабатын сәт тағы туатын болды, сол уақыт тезірек келсе екен»;
«Қазақтар тағы жылайтын болды», - деп жазуда словениялық жанкүйерлер Словения футбол федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында.