Катар футболдан Азия кубогін жеңіп алды

Редактор
10.02.2024, 23:05

Төреші Иорданияның қақпасына үш пенальти белгіледі

Getty Images

Футболдан Азия кубогінің иегері анықталды. Катарда өткен құрлық бәсекесінің финалында Катар мен Иордания кездесіп, жарыс қожайындары 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Матчтың 21-минутында иорданиялық қорғаушылар өз айып алаңында ереже бұзып, Акрам Афиф 11 метрлік айып добын дәл орындады. 67- минутта Язан әл-Наймата есепті теңестіргенімен, араға бес минут салып Катар тағы да пенальти тебуге мүмкіндік алды. Бұл жолы да Афиф мүлт кеткен жоқ. Ал, 90+4 минутта төреші Иорданияның қақпасына тағы пенальти белгілеп, Афиф хет-трик авторы атанды.

Айта кету керек, Катар құрамасы Азия кубогін 2019 жылы да жеңіп алған болатын. Ол кездегі жарыс Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен.