Алғашқы ойынның өзі төрешілер жұмысы маусым бойы қызу талқылануы мүмкін екенін аңғартты
Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымы күтпеген жерден төрешілік даумен басталды. Көкшетауда өткен алғашқы турдың ашылу матчында жергілікті «Оқжетпес» пен семейлік «Елімай» командалары кездесіп, ойыннан гөрі төрешілердің шешімі қызу талқыға түсті.
Ойын жоғары қарқында басталып, жанкүйерлер алғашқы голды ұзақ күтпеді Кездесудің 16-минутында «Оқжетпес» қорғаушысы Абинұр Нұрымбет өз айып алаңы маңында өрескел қателік жіберіп, допты қарсыласқа беріп қойды. Осы мүмкіндікті Қазақстан құрамасының және «Елімайдың» шабуылшысы Иван Свиридов тиімді пайдаланып, есеп ашты. Ол ҚПЛ-2026 маусымындағы алғашқы голдың авторы атанды.
Голдан кейін жеті минут өткенде матчтағы ең талқыланған эпизодқа куә болдық. Матчтың 23-минутында «Оқжетпес» ойыншысы айып алаңына еніп бара жатқан сәтте «Елімай» қорғаушысы оның аяғынан қағып құлатты. Футболшы жерге құлағанымен, бас төреші ойын тоқтатпады және пенальти белгілемеді. Сонымен қатар VAR жүйесі арқылы эпизодты қайта қарау да болған жоқ.
Бұл шешім стадиондағы жанкүйерлердің де, әлеуметтік желідегі пікірталастардың да қызуына себеп болды. «Көкшетаулықтардың» жанкүйерлері төреші олардың заңды пенальтиін бермей, есепті теңестіруге мүмкіндік бермеді деп есептейді.
Даулы эпизодқа Қазақстан құрамасының және «Ордабасы» клубының бұрынғы қақпашысы Алмат Бекбаев та пікір білдірді.
«VAR қайталауынсыз нақты айту қиын. Бірақ қолда бар жалғыз ракурстан қарағанда, қорғаушы қарсыласының ахиллесінен тепкен сияқты. Мұндай жағдайда үш түрлі ракурстан қайталау қажет», - деді Бекбаев ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, эпизодта семейлік қорғаушы Эдисон Ндрека «Оқжетпес» шабуылшысы Оралхан Өміртаевпен айып алаңында түйісіп қалған. Соған қарамастан, қонақтар қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленбеді.
Жаңа маусым алдында Қазақстан футбол федерациясы VAR технологиясын жетілдіру мақсатында Hawk-Eye жүйесі енгізілгенін жариялаған болатын. Дегенмен, алғашқы турдағы осы эпизод төрешілік мәселесі әлі де өзекті екенін көрсетті.
ҚПЛ-2026 енді ғана басталды, бірақ алғашқы ойынның өзі төрешілер жұмысы маусым бойы қызу талқылануы мүмкін екенін аңғартты.