Жарнама
Жарнама

Трамп Иранның әйел футболшыларына саяси баспана беруді ұсынды

Редактор
Бүгін, 10:04

Ол парсы футболшылары отанына оралған соң «өлтірілуі мүмкін» екенін айтты

© ATPImages / Contributor / Getty Images Sport

АҚШ президенті Дональд Трамп Азия кубогы аяқталғаннан кейін Иран әйелдер футбол құрамасының ойыншыларына Аустралияда баспана беруге шақырды.

Ол парсы футболшылары отанына оралған соң «өлтірілуі мүмкін» екенін айтты. Бұл туралы Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады.

Трамптың айтуынша, егер Аустралия билігі футболшыларды Иранға күштеп қайтаруға жол берсе, бұл «аса ауыр гуманитарлық қателік» болмақ.

«Олай жасамаңыз, премьер-министр мырза! Оларға баспана беріңіздер. Егер сіздер қаламасаңыздар, оларды АҚШ қабылдауға дайын», - деп жазды Трамп.

Айта кетейік, Аустралияда өтіп жатқан Азия кубогының топтық кезеңінде Иран құрамасы үш матчтың барлығында жеңіліп қалды. Команда 2 наурыз күні Оңтүстік Кореяға қарсы алғашқы ойында (0:3) елдің мемлекеттік әнұранын айтудан бас тартқан.

BBC мәліметінше, бұл әрекет Иранда ащы сынға ұшыраған. Сонымен бірге, 5 наурызда Аустралияға (0:4) және 8 наурызда Филиппинге қарсы (0:2) ойында ирандық футболшылар әнұранды айтып, әскери сәлем берді.

Иран құрамасы топтық кезеңінен шыға алмағаннан кейін, бас бапкер Марзие Джафари стадионнан шыққан кезде жүздеген жанкүйер оны қоршап алып, «Біздің қыздарды құтқарыңдар!» деп ұрандатқан. Ал Джафари матчтан кейін команда елге оралуды асыға күтіп отырғанын айтқан.

Сонымен қатар CNN және BBC Иран құрамасының бес мүшесі қонақүйден кетіп қалғанын және қазіргі уақытта «қауіпсіз жерде» екенін жазған.

Реклама
Реклама

Материалда: