Жарнама
Жарнама

Дінмұхамед Қашкеннің жас футболшыға қарсы дөрекі әрекеті қызу талқыланды

Редактор
Бүгін, 14:42

Бұл жағдай Астанадағы матч кезінде тіркелді.

instagram.com/dimash_kashken

Қазақстан Премьер-лигасының бірінші туры аясында елордалық «Астана» өз алаңында талдықорғандық «Жетісу» командасын қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті. Алайда кездесуде тек ойын нәтижесі ғана емес, «Жетісу» қорғаушысы Дінмұхамед Қашкеннің әрекеті де қызу талқыланды.

Матч барысында Қашкен қарсылас ойыншысы Мақсат Абраевқа қатысты дөрекі қимыл жасап, жанкүйерлердің сынына қалды. Алаңға негізгі құрамда шыққан қорғаушы бірінші таймға қосылған қосымша минуттарда «Астана» сапында дебют жасаған Абраевқа қарсы қауіпті ойын көрсетті. Допқа талас барысында Қашкен 18 жастағы Абраевты итеріп жіберіп, теуіп өткен эпизод көпшіліктің наразылығын туғызды. Айта кетейік, дәл осы Абраев бұған дейін мергендік танытқан болатын.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде де кең талқыланып, жанкүйерлер футболшының әрекетін қатаң сынға алды. Көпшілігі мұндай әрекет үшін Еуропа чемпионаттарында бірден қызыл қағаз көрсетілер еді деген пікір білдіруде.

Ал матчтың өзіне келсек, кездесу «Астана Аренада» өтіп, алаң иелерінің сенімді жеңісімен аяқталды - 4:1. Есепті 14-минутта қазақстандық шабуылшы Станислав Басманов ашса, 15 минуттан соң хорватиялық қорғаушы Карло Бартолец есеп айырмасын ұлғайтты. Бірінші тайм аяқталғанға дейін жартылай қорғаушы Мақсат Абраев тағы бір гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді.

Екінші таймда хорватиялық вингер Марин Томасов «Астананың» төртінші голын соқты. Ал талдықорғандық клуб сапындағы жалғыз голдың авторы сербиялық шабуылшы Марко Живанович болды.

Айта кетейік, Дінмұхамед Қашкен бұған дейін де бірнеше рет сынға ұшыраған. Өткен маусымда «Қайратқа» қарсы өткен матчтан кейін де оның ойын мәнері жанкүйерлер арасында қызу пікірталас тудырған еді.

Реклама
Реклама