Жарнама
Жарнама

Африка кубогындағы дау: Сенегал үкіметі жемқорлыққа қатысты тексеру жүргізуді ұсынды

Редактор
19.03.2026, 14:12

Матч 18 қаңтарда өткен еді. 

cafonline.com

Сенегал билігі Африка футбол конфедерациясы басшылығын сыбайлас жемқорлыққа қатысты тексеруді талап етті. Бұған ұйымның апелляциялық комитетінің Сенегал құрамасын Африка ұлттар кубогының чемпионы атағынан айырып, оны Марокко құрамасына беру туралы шешімі себеп болып отыр.

Сенегал үкіметі X әлеуметтік желісінде жариялаған ресми мәлімдемесінде бұл шешімді «спорттық этика қағидаларын өрескел бұзу» деп бағалады. Олар әділдік, адалдық және алаңда қол жеткізілген нәтижеге құрмет көрсету қағидалары аяққа тапталғанын атаған.

Естеріңізге салайық, Африка ұлттар кубогының финалы 18 қаңтарда Рабат қаласында өткен болатын. Ойын барысында сенегалдықтардың голы VAR арқылы есептелмей, кейін олардың қақпасына пенальти белгіленген. Осы шешімге қарсылық білдірген бас бапкер командасын алаңнан алып кеткен. Футболшылар 15 минуттан кейін ғана ойынға қайта оралды. Белгіленген пенальтиді Браим Диас мүлт жіберді, ал қосымша уақытта Пап Гейе жеңіс голын соғып, матч 1:0 есебімен Сенегал пайдасына аяқталған еді.

Алайда 17 наурызда Африка футбол конфедерациясы Сенегал құрамасына 0:3 есебімен техникалық жеңіліс тіркеп, турнир жеңімпазы ретінде Марокконы жариялады. Ұйым сенегалдықтар матчты төрешінің рұқсатынсыз тоқтатып, регламенттің екі бабын бұзды деп шешім қабылдаған.

Сенегал үкіметі бұл шешіммен келіспейтінін айтып, спортшылардың еңбегін әкімшілік шешіммен жоққа шығаруға жол бермейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар олар CAF басшылығына қатысты тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуді талап етті.

Бұдан бөлек, Сенегал тарапы істі Спорттық арбитраж сотына (CAS) дейін жеткізуге ниетті екенін алға тартып отыр. Мұндағы мақсат - әділдікті қалпына келтіріп, спорттық нәтиженің басымдығын дәлелдеуге бағытталған.

Өз кезегінде сенегалдық футболшылар да әлеуметтік желілерде наразылық білдіріп, өздерін «нағыз чемпионбыз» деп атауда. Ал Сенегал футбол федерациясы бұл шешімді «әділетсіз әрі бұрын-соңды болмаған жағдай» деп бағалап, ресми түрде шағым түсіретінін Африка футбол конфедерациясы басшылығына ескертті.

Реклама
Реклама