Жарнама
Жарнама

«XIX-XX ғасырға қайта кетіп бара жатқандаймыз». Рафаэль Уразбахтин матчтан кейін ашуға булықты

Редактор
21.03.2026, 20:22

Осындай алаңда матч өткізу – ұят нәрсе

Фото: Данияр Ахметов /"Қайрат" клубының баспасөз қызметі

«Қайрат» клубы Талдықорғанның «Жетісу» клубымен тең ойнады. Матчта есеп ашылмады. Ел чемпиондарының кездесу барысында бір футболшысы алаңнан қуылды. Ойыннан кейін «Қайрат» бапкері Рафаэль Уразбахтин алаң сапасына қатты наразылық білдірді.

Ол «Хан-Тәңірі» стадионындағы жасанды төсенішті сынға алып, мұндай жағдайда футбол ойнау мүмкін емес екенін айтты.

«Ойын туралы ештеңе айтқым келмейді. Осындай алаңда матч өткізу – ұят нәрсе. Кем дегенде алаңды суарады деп айтқан, бірақ оны да істемеген. Осылайша біз футболды өзіміз құртып жатырмыз. Еуропаға қарап, ел үшін ұпай жинауға тырысамыз, ал өзіміз XIX–XX ғасырға қайта кетіп бара жатқандаймыз. Шынымен, өкінішті», – деді ол.

Сонымен қатар, бапкер мұндай алаңда тіпті балаларды да ойнауға жіберуге болмайтынын атап өтті:

«Бұл – ойыншыларға да, жанкүйерлерге де құрметсіздік. Мұндай алаңдарға қалай рұқсат беріледі? Шынымды айтсам, мен балаларды да мұндай алаңға шығармайтын едім».

Уразбахтиннің айтуынша, матчты Алматыдағы Орталық стадионда өткізу ұсынылған. Тіпті «Қайрат» аренда шығындарын өз мойнына алуға дайын болған, алайда қарсы тарап бұл ұсыныстан бас тартқан.

«Мүмкін эмоция бар шығар. Бірақ біз бұл туралы бұрын да айтқанбыз. Неге жақсы алаңда ойнауға болмайды? Егер мүмкіндік болса, неге пайдаланбасқа?» – деді ол.

Бапкердің пікірінше, мұндай сапасыз алаңда көрермендер күткен тартымды футбол көрсету мүмкін емес.

«Футбол жанкүйерлер үшін ойналады. Ал мұндай алаңда қалай сапалы ойын көрсетуге болады?» – деп түйіндеді маман.

Реклама
Реклама